Ғылым ордасында қолжазба мұраны сақтау және зерттеу мәселелері талқыланды

Ақтоты Жапатова 13 қаң. 2026 14:41

2026 жылғы 12 қаңтарда Ғылым ордасында BR28712621 «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми жобасы аясында зерттеуші ғалымдармен кездесу өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуге Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов, Жоба жетекшісі Нұрлан Атыгаев, Қолжазбатану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ықтияр Палтөре және шығыс тілдеріндегі қолжазба мұраны зерттеуші ғалымдар қатысты.

Жиын барысында жобаның орындалу барысы, қолжазба мұраларды реестрлеу мен ғылыми каталогтаудың әдістемесі, реставрациялау және цифрландыру жұмыстарының қазіргі ахуалы талқыланды. Сонымен қатар жоба аясында жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелері, биылға жоспарланған міндеттер мен ғылыми өнімдердің сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.

Ғылым ордасының бас директоры Ұлар Мұқажанов өз сөзінде жобаның өзектілігіне тоқталып, қолжазбаларды сақтау, қолжазбатану саласындағы зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу, цифрландыру жұмыстарын күшейту және кітапхана инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Ғылым ордасы қызметкерлерін ғылыми-зерттеу жұмыстарына тарту, зерттеу нәтижелері бойынша жазылған ғылыми мақалаларды бірлесіп жариялау, ғылыми еңбектердің шетелдік басылымдарда жарық көруі арқылы ғылыми әлеуетті арттырудың маңыздылығын айтты.

Кездесуде 2025 жылға арналған жылдық есептің сәтті қорытындыланғаны айтылып, 2026 жылға арналған ауқымды ғылыми мақсаттар белгіленді. Атап айтқанда, Ғылым және жоғары білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда, сондай-ақ Scopus дерекқорына кіретін журналдарда мақалалар мен монографиялар жариялау жоспарланып отыр. Осы бағытта зерттеу топтары құрылып, жоба мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктелді. Жұмыстар күнтізбелік жоспарға сәйкес жалғасып, қатысушылардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Кездесу соңында қатысушылар жобаның ұлттық ғылыми мұраны сақтаудағы маңызын ерекше атап өтіп, ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейту, ғылыми зерттеу жұмыстарына жас зерттеушілерді тарту және халықаралық стандарттарға сай дерекқор қалыптастыру жөнінде ұсыныстарын білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove