Жамбыл облысында ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша әкімдік қызметкері сотталды

Қаракөз Амантай 13 қаң. 2026 13:04

Жамбыл облысында тұрғын үй мен әлеуметтік жеңілдіктерді "кезексіз рәсімдеп береміз" деген уәдемен жасалған көпэпизодты алаяқтық іс бойынша сот үкімі шықты. Іс материалдарына сәйкес, бірнеше жыл бойы азаматтарды алдап келген Аида Жанаева мен Айман Асқар кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу дерегінше, айыпталушылар 2019–2025 жылдар аралығында Қордай ауданында және Алматы қаласында азаматтардың сеніміне кіріп, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз баспана, мүгедектік рәсімдеу, балабақша ашуға көмектесу секілді уәделермен ірі көлемде қаржы жинаған. Алайда олардың мемлекеттік органдарда ешқандай байланысы болмағаны және уәде етілген қызметтерді орындауға мүмкіндігі жоқ екені анықталған. Жиналған қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.

Іс бойынша кемінде 10 эпизод тіркеліп, жәбірленушілер арасында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері мен мүгедек баласы бар азаматтар бар. Алдын ала есеп бойынша келтірілген материалдық шығын бірнеше ондаған миллион теңгеге жеткен.

Сот үкімімен Аида Жанаева мен Айман Асқар ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы, ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) кінәлі деп танылды. Аида Жанаева 4 жыл 6 айға, Айман Асқар 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес, жазалары қысқартылып, тиісінше 3 жыл және 2 жыл 8 ай болып белгіленді.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, айыпталушылардан миллиондаған теңге көлеміндегі материалдық залалды өндіруді міндеттеді. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін сотталғандар пробациялық бақылауға алынады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove