“Азаматтардың өздері кінәлі”. Қизатов қаржы алаяқтарының құрбаны болғандар жайлы айтты

Қаракөз Амантай 29 мам. 2025 13:45

Қазақстандықтардың атынан заңсыз рәсімделетін несиелерге азаматтардың өздері себепкер. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол қаржы алаяқтығының 95 пайызы банк қосымшаларындағы осалдықтан емес екенін ашып айтты.

“Алаяқтар несие рәсімдемейді. Азаматтың өзі банкке немесе микроқаржы ұйымына барып, несие алады не болмаса шотынан қаражат шешіп, кейін сол ақшаны алаяқтарға өз қолымен береді. Барлық рәсім заңды түрде өтеді – ЭЦҚ арқылы, растаумен”, – деді Қизатов.

Сондай-ақ ол банк қосымшалары бұзылды деген жаппай деректің расталмағанын айтты. Агенттік жүргізген жоспардан тыс тексеру мұндай бұзушылықтардың жоқ екенін көрсеткен.

Сонымен қатар Қизатов қазіргі заңнамада алаяқтар арқылы алынған несиелер тек сот шешімімен күшін жоя алатынын атап өтті. Алайда жаңа заң жобасында сотқа дейінгі тәртіппен несиені жарамсыз деп тану тетігі қарастырылып жатыр.

Мұндай жағдайда несие: “суыту кезеңінде” клиенттің жеке қатысуы қамтамасыз етілмесе және қарыз беруге екінші мәрте келісім алынбаса жойылуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар