Әлеуметтік желіде айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов танымал рэпер Еңлік Құрарбектің Bipl атты әнінің мәтініне қатысты пікір білдіріп, бұл жайт желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақын Threads желісіндегі парақшасында әннің сөзін келтірген:
Алуан-алуан адам бар ей, қыз
Салдыр алдыр алам ба, Бипл-а!
Бұйырмаса болмайтын нәрседе болмайд
Ұрдым да, қол қойдым
Енді, ұрдым да, қол қойдым (болмайд)
Не болса да, сол
Болса да, мен болмайм оол!
Бұл сынға Yenlik-тің өзі жауап берген. Ол ақын келтірген әннің сөздері дұрыс емес екенін айтып, дұрыс нұсқасын жазған:
"Алуан, алуан адам бар ей қыз, Алдар, алдар алданба!” Осылай жазылған негізі, тағы бір тыңдап аласыз-ау! Басқа әндерімнің мәтінін оқып көріңіз, бұлай ішіңіз ашымас".
Артынша Жандарбек Бұлғақов әнші сынға дайын болу керек екенін, тілге жаны ашитынын жеткізді.
"Қарындасым, бағың жанып, бақытың ашылсын. Орындаушылығың мен даусыңа басқа кәсіби мамандар пікір айтар. Бірақ дәл мына мәтіннің мағынасы жоқ. Мен оны сөз түсінетін қазақ ретінде айтып отырмын. Өнерге келген екенсің, елдің асыра мақтауына да, жігеріңді жаныған сыни пікіріне де дайын бол. Ішіміз ашығаннан емес тілге жанымыз ашығаннан сөйлейміз", - деді ол.
Желі қолданушыларының басым бөлігі ақынды сынаған:
"Бұл - рэп жанры, Еңлік деген қара қызымыздың керемет туындысы. Бұл туынды арқылы қазақ тіліне, жеріне шет елдің азаматтары қызығушылықпен қарап жатыр", "Аға ретінде, "тіл жанашыры" ретінде осы бір сын пікірді Еңлікті жеке шақырып алып айтып, ақыл-кеңес беруге қолыңыз жетеді ғой негізі, парасатыңыздың жетпегені өкінішті".
