Ауылдағы қауіпсіздік мәселесі – көптен бері халықты толғандырып келе жатқан тақырып. Өрт шықса, алыстан жететін көмек кешігіп, талай үй мен қора-қопсы отқа оранып жататыны жасырын емес. Жағдайды өзгерту үшін «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бастама ауылдың өз ішінде ерікті өрт сөндіру жасақтарын құрып, оларды қажетті техникамен жабдықтауға бағытталған. Осы ретте Dalanews.kz тілшісіне ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов осы бағдарламаның жүзеге асу барысын, оның ауыл тұрғындарының қауіпсіздігіне әсері жайында айтып берді.
– Рамиль Қайыргелдіұлы, соңғы жылдары ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі мәселесі жиі көтеріліп жүргенін білесіз. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында бұл мәселе оң шешімін табады деп айтуға бола ма?
– Ойыңыз дұрыс. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдағы қауіпсіздікті күшейту. Бұрын өрт немесе басқа төтенше жағдай туындағанда, орталықтан өрт сөндірушілер жеткенше біраз уақыт өтетін. Сол уақыт ішінде қора-қопсы, үй-жай түгел жанып кететіні жасырын емес. Қазір біз ерікті өрт сөндіру құралымдарын ауылдың өзінде құрып жатырмыз. Бұл – жергілікті әкімдіктердің әрекетін жеделдетіп, ауыл тұрғындарының өмірін, мал-мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.
– Осы ерікті құралымдардың ерекшелігі неде?
– Ең бастысы – олар ауылдың өз адамдары. Қауіп төнген кезде өз көршісін, өз туысын қорғау үшін жүгіріп шығатын адамдар. Біз оларды арнайы техникамен, жабдықтармен қамтып жатырмыз. Өрт сөндіруге арналған цистерналар, су айдайтын мотопомпалар, жеке қорғаныс құралдары жеткізілуде. Әр ауылда шағын болса да кәсіби деңгейге жуық құралым жасақталуда.
– Бұл тек өрт сөндіруге бағытталған шара ма, әлде басқа жағдайларда да көмек бере ала ма?
– Әрине, тек өртпен шектелмейді. Қыс мезгіліндегі боран, жаздағы су тасқыны, жол-көлік апаттары сияқты кез келген жағдайда алғашқы әрекетті жасай алатын дайын топ болғаны маңызды. Олар тек өртке қарсы емес, жалпы төтенше жағдайларға қарсы дайындықты күшейтеді. Біз оларды оқыту курстарынан өткізіп, тәжірибелік сабақтар ұйымдастырып жатырмыз.
– Еліміздегі ауылдардың жартысында өрт қаупі жоғары екені айтылып жүр. Бағдарлама осы қауіптің алдын алуда қаншалықты тиімді болмақ?
– Шындыққа тура қарасақ, ауылда қауіп-қатер көп. Пешпен жылытамыз, газ баллондарын қолданамыз, жазда шөп түседі, дала өрті жиілейді. Осындай жағдайда ауылдың ішінде дайын тұрған ерікті жасақтар үлкен қауіптің алдын алады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, Еуропада да, Ресейдің алыс аймақтарында да дәл осындай ерікті жасақтар негізгі тірек саналады. Біз де осы жүйені енгізіп отырмыз.
– Ауыл халқының бұл бастамаға көзқарасы қандай?
– Көңіл қуантады. Қарапайым тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Бір ауылда жас жігіттер өз еркімен кірсе, бір ауылда зейнет жасына жақындаған азаматтар да шетте қалмай, өз үлестерін қосуда. Себебі бәрі өз ауылын қорғауға мүдделі. Бұл жерде тек құтқарушылық емес, азаматтық жауапкершілік те артады. Әр үйде қауіпсіздік мәдениеті қалыптасады.
– Бағдарламаны жүзеге асыруда қандай қиындықтар бар?
– Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Кейбір аймақтарда техника жеткіліксіз, кейбір жерлерде еріктілерді дайындау әлі толық жүйеге түскен жоқ. Бірақ алғашқы нәтижелер бар. Жүздеген ауылда жасақ құрылды, ондаған өрттің алдын алдық. Алдағы уақытта қаржыландыруды арттырып, еріктілерді қолдауды күшейтеміз.
Әр ауылда өз құтқарушысы болуы тиіс. Мемлекет тарапынан қолдау бар, ең бастысы – халықтың ынтасы бар. Екеуі тоғысқанда ғана біз кез келген төтенше жағдайға қарсы тұра аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Асхат РАЙҚҰЛ