Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. 29 мамыр күні өткен процесте сотталушының ата-анасынан жауап алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот барысында Сұлтанның анасы ұлы мен келіні Ақбаянның арасындағы келіспеушіліктің қалай басталғанын айтып берді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.
Оның сөзінше, Сұлтан мен Ақбаян 2018 жылы шаңырақ көтерген. Жас отбасы Махамбет ауданындағы үйде тұрған.
2022 жылы Ақбаян Мұқанғалиева төртінші баласына жүкті болған. Осы кезеңде ерлі-зайыпты арасында жанжал туындап, Ақбаян балаларын ертіп, ата-анасының үйіне кетіп қалған. Алайда кейін Сұлтан екеуі қайта татуласып, Атырау қаласына көшкен.
2024 жылы Ақбаян бесінші сәбиіне жүкті болған. Сол жылы ол пневмониямен ауырып қалған. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде кесарь тілігін жасауға мәжбүр болған. Нәресте аман қалғанымен, ананың денсаулығы күрт нашарлап, орталық жүйке жүйесіне зақым келген.
Осы жағдайдан кейін Ақбаянның хал-жағдайы ауырлай түскен. Оның жүріп-тұруы қиындап, 2025 жылы оған I топ мүгедектігі берілген.
Сотталушының анасы дәл осы кезеңде Сұлтан мен Ақбаянның туыстары арасында түсініспеушілік пен келіспеушіліктер басталғанын айтты.