О баста Ақтөбе мен Жамбыл облыстарының оң тәжірибесіне негізделген жоба аясында жері құнарсыз, коммуникациялық құрылымы әлсіз, жол қатынасы күрделі аумақтар түкпіріндегі аз түтінді қоныстарды анықтау, жұмыссыздарды оқыту, қайта оқыту, несиелік көмек көрсетіп, кәсібінің өрісін кеңейтуге көмек көрсету көзделді. Үкімет пен «Amanat» партиясына «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау міндеті жүктелді. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыруға айрықша басымдық берілді. «Amanat» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу үдерісінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызметін жалғап келеді. Маңғыстау өңірінде жоба қалай жүзеге асып жатыр, жетістіктері мен нәтижесі қандай? Осы сауалдар төңірегінде облыстық «Ауыл аманаты» жобасының үйлестірушісі Асқар Имағанбетовпен сұхбаттастық.
– Асқар Замзамұлы, ауылды көркейту мен ахуалын жақсарту – мемлекеттік мәні зор іс. Жобаның діттегені де осы емес пе?
- 2021 жылы енгізілген әкімдерді тікелей сайлау – саяси жүйені демократияландыруға бағытталған Президенттің маңызды реформаларының бірі. Бұл өзгеріс азаматтардың белсенділігін арттырып, сайланған әкімдермен бірге ауылдағы түйткілді мәселелерді шешуге жол ашты. Соңғы төрт жылда 2 мыңнан астам ауыл әкімі сайланып, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңарды. Олардың көпшілігі – «Amanat» партиясының мүшелері. Олардың 60%-дан астамы – бұған дейін әкім болмаған, мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар. Сондықтан жаңа сайланған халық қалаулыларына қолдау көрсету мақсатында «Amanat» партиясы мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «Әкімдер мектебі» жобасын қолға алды. Нәтижесінде партия жанынан өңірлік саясат бойынша Үкіметтің Жобалық офисі жанынан сараптамалық орталық құрылды. Елбасының тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысы бойынша 47 әкім болса, соның 46-сы қатысты. Оқу бағдарламасына сәйкес әкімдер 240 сағаттық дәріс тыңдады. Оның 140 сағатын Мемлекеттік басқару академиясы, ал 100 сағатын «Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұсынды. Партия оқытушылары негізінен экономикалық мәселелерге тоқталады. Тақырыбы– «Ауыл округтерінің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу». Қазіргі таңда ауылдық жерде ел экономикасына елеулі әсер етіп, халықтың табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашатын бағдарламалар жоқтың қасы. Жаңа оқу курсы осы олқылықты жоюға бағытталған және үш негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде ауыл округтерінің әкімдері маркетингтік зерттеулер жүргізіп, скрининг нәтиежесінде жобалар ұсынды. Екінші кезеңде өткізу нарығы бар тауарларға кооперативтік жобалар әзірледі. Үшінші кезеңде әкімдер осы егжейтегжейлі әзірленген және экономикалық негізделген жобаны ауыл округтерінің экономикалық даму бағдарламасының негізі ретінде пайдалануды үйренді.
– Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына скрининг қалай жүргізілді?
– Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген шағын несиелерді бөлу кезінде басымдық кооперативтерге беріледі. Маңғыстау облысы аумағында ауыл әкімдері жүргізген скрининг нәтижесінде 19 жоба ұсынылып, бекітілді. Тың бастамалар түрлі бағытты қамтып отыр. Түйе сүтін өндіру, ірі қара малды бордақылау, асыл тұқымды мал басын көбейтіп өнімін сату, жылыжай кешендерін салу, жылыжайда құлпынай өсіру, бие сүтінен шағын өндеу цехын салу және т.б. жобалар ұсынылды. Әкімдер ауыл азаматтарын біріктіруге, өнім өткізу желілерін, логистиканы және қызметті үйлестіру жүйесін жолға қоюға көмек көрсетеді. Бұл кезең – жай оқыту ғана емес, нақты жобаларды жүзеге асыруға бет бұратын тәжірибелік саты. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Маңғыстау облыстық әкімдігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына «Amanat» партиясының, өңірлік ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, « Каспий » Ә К К «АҚ» өкілдері кірді. Арнайы топ құрамында Бейнеу, Кендірлі, Рахат, Таушық, Сенек, Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Баянды, Батыр, Басқұдық, Дәулет ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткіздік. Ауыл халқына кооперативтің ұтымды тұстары, тұрғындардың тұрмысын жақсарту тетіктері, салаларға несие берудің сараланған тәсілдері турасында ауқымды түсінік бердік. Өзге ауылдардың табысты тәжірибесі туралы да пікір алмастық. Кооператив ашу тәртібі, өнім өткізу нарықтары, кооператив қуаттылығын алдын ала анықтау, кепілдік базасын қарау, кооперативті тіркеу үшін қажетті құжаттар мен жарғы әзірлеу, қосымша заңгерлік қолдау мәселелері сөз болды.
Шағын фермерлік шаруашылықтар несиелік қаражат алуда қиындықтарға тап келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауар өнімдерінің бірігуі экономикалық тұрғыдан тиімді екені дәйектелген. Өйткені тек қана кооперация арқылы тауар өндірушілер өздерінің өндірістік және басқа да тұтынушылық қажеттілігін шешу арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмен түсіру мүмкіндігіне ие болады. Сондықтан да бұл бағытқа Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Ауыл халқы өз еркімен еңбекке ұйымдасу арқылы делдалдарға жем болмай, өздері құрған кооператив арқылы нарыққа алып шығып, жағдайларын түзеп, ауыл еңсесін тіктеуге жағдай жасайды. Сондай-ақ жоғары технологиялық өндіріс құру, бірлесіп өндірген өнімді үлкен көлемде өткізу, сол арқылы таза табысты ұлғайту, айналым құралдарын тиімді пайдаланумен қатар, жанармай, тыңайтқыш, тұқым және тағы басқаларын төмен бағамен сатып алу жолдары қарастырылған.
– Кооператив құрудың тиімді тұстарын түгендеп өттіңіз. Осы іске ниетті жандар көп пе? Ауыл халқын не алаңдатады?
- Кооперативке күмәнмен қарайтындардың көбі бастаманың мәнісін жете түсінбегендер. Кеңес кезеңіндегі түсініктен арыла алмай отыр. Кооперативке мал-мүлкімізді қоссақ, соңында құралақан қаламыз деген қорқыныш бар. Тағы бір басты мәселе – жеке иелігіндегі мал басы сырғаланып, тіркелмеуі. Халық малды есепке тіркеуден қашады. Үкімет мал басына салық салады деген түсінік қалыптасқан. Алайда елімізде мұндай заң жоқ. Ауыл шаруашылығы кооперативі кемінде үш құрылтайшының шешімі бойынша құрылады. Кооперативтік несие рәсімдеудің ережелеріне тоқталсам. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы берілетін несиенің номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Сондай-ақ несиені өтеу мерзімі де қолайлы. Айталық, мал шаруашылығына байланысты несие – 7 жылға, басқа бағыттар бойынша 5 жылға беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативін дамытуға 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін несие беріледі. Бағдарламаға зейнет жасына жетпей жұмыстан қысқарып қалғандар, жұмыссыздар қатыса алады. Сонымен қатар отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті өздігінен жүзеге асыратындар, күнкөрістің төменгі мөлшерінен аз табысы бар өндірістік кооперативтің мүшелері, кәсібін енді бастағандар мен кәсіпкерлер де өтінім берсе болады. Бұл құрал, сайып келгенде, ауыл халқының табысының өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Ойымды түсінікті тілмен жеткізсем. Кооператив мүшесі өз малын өз қорасында баға береді. Барлық мал-мүлікті бір ортаға қосу деген түсінік жоқ. Мәселен, ауылда өз ауласында 2-5 түйеден бағып отырған 20 үй бар делік, аталған үй шаруашылығындағы адамдар өнімдерін базарға өткізу барысында біршама қиындықтарға тап болады. Тұрақты өткізу пункті жоқ, аудан орталығына азғантай өнімді тасымалдаудың тиімсіздігі, жол шығыны сынды мәселелер жетіп артылады. Кооператив ашу арқылы ауыл тұрғындары мүшелікке кіріп, әрі қарай кооператив атынан мол өнімді жинақтар болса, өткізу де оңайға соғар ма еді. Логистика шығындары қысқарып, мемлекет ұсынған субсидияларға қолжетімділік артады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме дана халқымыз. Сол секілді бұл бағытта мемлекеттік қолдау іс-шараларын қуаттау мен фермерлердің кооперациясын үрдісін ынталандыру зор маңызға ие. Өндірістік кооперативтік құру қай уақытта да құптарлық іс болуы тиіс. Ауылдарды аралай келе ұққанымыз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын жұртшылық жақсы қабылдап отыр. Ынтымақты іске ынта білдірушілер көп. Қолына қаражат тигендер мал, құс шаруашылығымен айналыса алады. Тіпті қаражаты жетіп жатса, қажетті техника мен құрал-жабдықтар да алуға болады. Бизнестің басқа түрлерін де дамытамын деп алға ұмтылсаңыз, еркіңіз білсін. Біз ортақ еңбекке ұйысып, ауыл еңсесін тіктеймін дегендерге әркез қолдау көрсетеміз.
– Жоба бойынша жұмыс қай бағытта жалғасады?
– Ауылдық жерлерде кооперацияны дамытуда жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтік модель туралы мәліметінің төмендігі байқалады. Сондықтан ауыл-ауылды аралап, ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын жалғауды жоспарлап отырмыз. Маңғыстау облысы бойынша бағдарламаның жүзеге асуы аймақ басшысының орынбасаыр Тілек Жеткізгенұлының тікелей бақылауында.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Голрох Жеменей