Атырау облысында дәрігер МӘМС есебінен төленетін оталарға ақша алған

Атырау облысында дәрігер МӘМС есебінен төленетін оталарға ақша алған
ҚМА

ҚМА Атырау облысы бойынша департаменті алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу деректері бойынша күдікке ілінген хирург дәрігерге қатысты тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу амалдарына сай күдікті 2023-2025 жылдар аралығында Family Health Clinic ЖШС мен "Ким В." ЖК клиникасында жұмыс істей отырып, науқастардан варикоз ауруына жасалатын ота МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған және көрсетілген қызмет үшін төлемді өзінің банк шоттарына қабылдап отырған.

Сонымен қатар, DamuMed жүйесіне науқастарға тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәлімет енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыру алған. Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: бір жағынан МӘМС қаражаты есебінен, екінші жағынан науқастардың өз қаражаты арқылы.

Нәтижесінде күдікті 42 науқастың 8 млн теңгеден аса қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға қор тарапынан 14,8 млн теңгеден аса қаражат аударылған.

Бұдан бөлек, оның қызметтік міндетін орындағаны үшін науқастардан заңсыз ақшалай сыйақы алған да анықталды. Күдіктіге қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.