Астана қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордада өткізіліп жатқан «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін осы жылдың 16 қыркүйегінен 15 желтоқсанына дейін елорда аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде пәтерлер мен аулаларды аралау жүргізіледі, тұрғындар өздерінің аумақтық учаскелік инспекторларымен танысып, оған өздерін толғандырған мәселелерімен жүгіне алады.
– Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдар бөлек тексеріледі. Жаңадан анықталған жалға берілетін тұрғын үй туралы ақпарат салық заңнамасының сақталуын тексеру үшін Мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 380 мыңнан астам пәтер мен 28 мың жеке меншік үй иелері тексеруден өтті, – деді Ержан Әділбеков.
Сонымен қатар заңдылықтың басқа да бұзушылықтары анықталуда. Барлығы 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
– Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдар қосымша тексеріледі. Сот белгілеген тыйымдар мен шектеулерді бұзудың 64 фактісі анықталды, 19 есепке алынушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп толықтырды Әділбеков.
Айта кету керек, заңдылықтың кез келген бұзылуына «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында жүзеге асырылатын вандализмнің жолын кесу жұмыстары жандандырылды.
– Жыл басынан бері 147-1-бап бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 338 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 125 адам қамауға алынды, 177 адамға айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық жасау фактілері бойынша 2 071 адам жауапқа тартылып, оның 628-і қамауға алынды, 1220 адамға айыппұл салынды, – деді спикер.
Бұдан бөлек, қалалық инфрақұрылым мен жалпы үй мүлкінің зақымдану фактілерін анықтау бойынша мамандандырылған жергілікті рейдтік пысықтауларды тұрақты жүргізу ұйымдастырылды. Жыл басынан бері барлығы 1000-нан астам осындай іс-шаралар өткізілді.
Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.