Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 19 мың шақырымнан астам инженерлік желі жөнделді, деп хабарлайды DalaNews.
Бұл туралы Астанада өткен дөңгелек үстелде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Косымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, коммуналдық инфрақұрылымның тозуы ұзақ жылдар бойы өзекті мәселе болып келген.
«2023 жылдан бастап инженерлік инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту басталды. Желілерді жөндеу көлемі 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Қазір нақты нәтиже бар — тозу деңгейі төмендеп, қызметтердің сенімділігі артты», – деді ол.
2025 жылдан бері «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында 31,6 млрд теңгеге 17 пилоттық жоба қаржыландырылып, соның алтауы аяқталған.
Жаңғырту жұмыстары өңірлерде де нәтижесін көрсетуде. Шымкент пен Түркістан облысында 104 шақырым электр желісі жаңартылды. Тайынша мен Теміртауда жылу желілері жөнделді. Ал Жетісу облысында 6,4 мың тұтынушы үшін электр энергиясын өндіру көлемі артты.
Комитет мәліметінше, сегіз кәсіпорын қауіпті тозу деңгейінен шығарылған. Бұл саладағы жүйелі жаңғырту жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.
Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады. 2026 жылы тағы 7,6 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр.
