Қаржы пирамидалары және интернет алаяқтық: заңгер негізгі қауіптер мен сақтану жолдарын атады

Қаракөз Амантай 27 нау. 2026 18:00

Бүгінде елімізде заманауи технологияның тілін меңгерген «цифрлық алаяқтық» белең алып тұр. Тіпті, криптовлюта мен озық патформалардың атын жамылған заңсыз жобалар қарапайым халықтың қаржылай сауатсыздығын өз пайдасына асыруда. Оңай олжаға кенелгісі келген азаматтардың сан соғып қалмауы үшін не істеу керек? Осы орайда, заңгер Айгерім Еркімбай Dalanews.kz редакциясына алаяқтарды әшкерелеу мен заңсыз әрекеттерден сақтанудың негізгі жолдарын түсіндірді.

Қаржы пирамидасының басты белгілері

Заңгердің айтуынша, қаржы пирамидасының негізгі белгісі – нақты бизнес пен тұрақты табыс көзінің болмауы.

«Егер табыс жаңа салымшылар есебінен төленсе, бұл – қаржы пирамидасы»,  – деп қосты ол.

Айгерім Еркімбай мұндай құрылымдарда көбіне жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәде етілетінін, бірақ компанияның лицензиясы болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ адамдарды тез ақша салуға үгіттеу, жүйенің жабық болуы да күмәнді белгілердің қатарында. Оның сөзінше, кез келген ұсынысты қабылдамас бұрын ұйымның лицензиясын, бизнес моделін және табыс көзін мұқият тексеру қажет.

Қылмыстық жауапкершілік

Айгерім Еркімбай қаржы пирамидасын ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке жататынын ерекше атап өтті.

«Мұндай факті анықталса, уақыт жоғалтпай құқық қорғау органдарына арыз беру қажет», – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда алаяқтыққа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, қаржы пирамидаларына қатысты 217-1-бабы және жалған ақпарат таратуға байланысты 274-бабы қолданылады.

«Бұл құқықбұзушылықтардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке жатады», – деп нақтылады ол.

Онлайн және крипто жобалар да қауіп төндіреді

Сарапшы қаржы пирамидалары бүгінде жаңа форматтарға бейімделгенін айтады.

«Қазір олар инвестициялық платформа, криптовалюта жобасы немесе онлайн сервис түрінде ұсынылуы мүмкін. Бірақ формасы емес, табыс моделі маңызды», – дейді Айгерім Еркімбай.

Оның айтуынша, кез келген жобада табыс көзі нақты әрі түсінікті болуы тиіс.

Ақшаны қайтару мүмкіндігі бар

Заңгер жәбірленушілер үшін құқықтық жолдар бар екенін де атап өтті.

«Ақшаны қайтаруға болады. Бұл жағдайда негізсіз баю фактісі бойынша талап қоюға мүмкіндік бар», – дейді ол.

Айгерім Еркімбай ең алдымен полицияға арыз жазу, азаматтық талап қою және барлық төлем дәлелдерін жинау қажет екенін айтты.

«Чектер мен аударымдардың дәлелі – негізгі айғақ», – деп түсіндірді ол.

Интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері

Сарапшының сөзінше, интернет-алаяқтықтың бірнеше кең тараған түрі бар.

«Жалған инвестициялар, фишинг, маркетплейстердегі алдау, жалған лотереялар – ең жиі кездесетін схемалар», – дейді ол.

Оcы тұста ол азаматтарды сақ болуға шақырды.

 «Бейтаныс сілтемелерге өтпеу керек, күмәнді ұсыныстарға сенбеу қажет. Барынша сақтық шараларын ұстанған жөн», – деп толықтырды ол.

Тергеудегі қиындықтар және дәлелдің маңызы

Айгерім Еркімбай мұндай істерді тергеу күрделі екенін жасырмайды.

«Бұл істерде техникалық қиындықтар жиі кездеседі. Сондықтан киберполицияға жүгініп, барлық цифрлық дәлелдерді сақтау өте маңызды», – дейді ол.

Оның айтуынша, әрбір хат алмасу мен төлем дерегі істі дәлелдеуде шешуші рөл атқарады.

Азаматтар жіберетін басты қателіктер

Заңгер қаржы пирамидаларына алданудың негізгі себептерін де атап өтті.

«Көп жағдайда адамдар ештеңені тексермейді, келісімшартсыз ақша береді, кейін дәлелсіз қалады», – дейді Айгерім Еркімбай.

Ол әрбір қаржылық әрекетті құжатпен рәсімдеудің маңызын ерекше атап өтті.

«Әр азамат өз шешімі үшін жауапты», – деп түйіндеді ол.

Банктердің жауапкершілігі қандай?

Сарапшы банктердің рөліне де тоқталды.

«Банк операцияларды заң талаптарына сай жүргізуге міндетті, бірақ әрбір транзакцияға толық жауап бермейді», – дейді ол.

Сондықтан күмәнді жағдай туындаса, дереу банкке хабарлау қажет екенін ескертті.

Заң күшейтілді, бірақ қауіп әлі де бар

Айгерім Еркімбай кейінгі жылдары заңнаманың күшейтілгенін айтты.

«Қаржы пирамидаларына қатысты 217-1-бап енгізіліп, жауапкершілік артты», – дейді ол.

Сонымен қатар қолданыстағы заң нормалары цифрлық ортаға да қатысты екенін жеткізді.

«Заң жалпы бейімделген, бірақ практикада мұндай істер күрделі болып қала береді», – деп атап өтті заңгер.

Қорытынды

Сарапшының пікірінше, қаржы пирамидаларына қарсы күресте ең басты құрал – сақтық пен құқықтық сауат.

«Кез келген ұсынысты тексеру керек. Жеңіл табысқа сену – ең үлкен қателік», – дейді Айгерім Еркімбай.

Оның сөзінше, қаржылық қауіпсіздік әр азаматтың өз қолында.

Сарапшы қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы – құқықтық сауат пен сақтық екенін атап өтті.

Айта кетейік, кейінге кезде елімізде қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық істер жиілеп кетті. Мәселен, жақында Семейде зардап шеккен жүздеген адам соттың әділ шешімін күтіп отырғанын мәлімдеген еді. Келтірілген жалпы шығын көлемі миллиард теңгеден асып кеткен. Іс бойынша 100-ден астам жәбірленуші деп танылып, алты күдіктіге айып тағылған. Сондай-ақ Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған он адам сотталғаны туралы белгілі болды. Сотталушылар қаржылық пирамиданы құру, оған басшылық ету, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыру, куәні жалған айғақтар беру арқылы параға сатып алу және пирамида жұмысына көмектесу бойынша айып тағылған. Ал жыл басында Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық соты «Қазмұнайгаз Инвест» жобасын іске қосқан үш әйелге қатысты үкім шығарған еді. Сот материалдарына сәйкес, олар 2024 жылдың қараша айында «Қазмұнайгаз Инвест» атты жобаны іске қосып, азаматтардың жоғары дивиденд уәде отырып ақша жинаған. Жобаның жалғыз қызметі халықтан қаражат тарту болған. Айыпталушылар өздерін ұлттық компания атынан биржаларға инвестиция саламыз деп таныстырған. Тергеу дерегінше, қаржы пирамидасы 2025 жылдың наурызына дейін жұмыс істеп, сенген азаматтардан шамамен 600 млн теңге жинаған. Сот үкімімен айыпталушылар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Барлық мүлкі тәркіленді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove