Президент Қасым Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азулеге Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы Одрэ Азуленің ЮНЕСКО-дағы қызметіне жоғары баға беріп, оның ұйымды халықаралық диалог пен ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналдырудағы рөлін атап өтті.
«Сіздің дана әрі мықты басшылығыңыздың арқасында ЮНЕСКО диалог пен ынтымақтастықтың одан да маңызды алаңына айналды. Жаһандық тұрақсыздық пен қақтығыстар жағдайында Сіздің үніңіз білім мен мәдениеттің бейбітшілікті қамтамасыз етудегі басты құрал екенін үнемі еске салып отырды. Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұрасына деген шынайы ықыласыңыз серіктестігімізді жаңа деңгейге көтерді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Одрэ Азуленің Қазақстанның тарихи жадысын, мәдени құндылықтары мен зияткерлік мұрасын халықаралық деңгейде танытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«ЮНЕСКО бастамалары мен бағдарламаларының арқасында әлемдік қауымдастық Қазақстанның бірегей өркениеттік мұрасын тереңірек таныды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап Ұлы даланың мәдени ландшафттарына дейінгі құндылықтар кеңінен насихатталды. Сондықтан Сізге Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Сіз Қазақстан үшін, әсіресе еліміз үшін ерекше маңызы бар Ясауи кесенесіне қатысты көп еңбек сіңірдіңіз», – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Одрэ Азуле марапат үшін алғыс айтып, Қазақстандағы алғашқы жұмыстары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдаумен байланысты болғанын жеткізді.
«Президент мырза, көрсетілген құрмет үшін шынайы алғысымды білдіремін. Менің Қазақстандағы алғашқы қадамдарым Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдаумен байланысты болды. Мен бұл орынның тек тарихи емес, рухани маңызын да сезіндім. Сондықтан ұлы ойшылдың құрметіне құрылған жаңа орденнің иегері атану мен үшін үлкен мәртебе», – деді ол.