Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық тұрғыдан сау деп танылды

Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті психикалық тұрғыдан сау деп танылды
ашық дереккөз

21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша күдікті психиатриялық сараптамадан өтіп, психикалық тұрғыдан сау деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, 28 жастағы күдікті психиатриялық орталықтан қайтадан Шымкенттегі тергеу изоляторына ауыстырылған.

Адвокаттың сөзінше, жүргізілген сараптама ер адамның психикалық денсаулығында ауытқу жоқ екенін анықтаған.

«Сараптама күдіктінің психикалық тұрғыдан сау екенін және заң алдында жауап бере алатынын көрсетті», – деді Омаров.

Бұған дейін күдіктінің психиатриялық орталыққа ауыстырылуы Нұрайдың жақындарының алаңдаушылығын тудырған. Марқұмның туыстары ер адам жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенген.

Қазір жәбірленуші тарап тек күдіктінің өзін ғана емес, оның туыстарын да жауапкершілікке тартуды талап етіп жатыр.

Адвокаттың айтуынша, Нұрайдың отбасы қызды некеге мәжбүрлеуге қатысы бар адамдарды да іс аясында жауапқа тартуды бірнеше рет сұраған.