Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне қатысты заңға қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, мемлекет басшысы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған.
Жануар иелерінің жауапкершілігі күшейтіледі
Жаңа заң аясында үй жануарларын күтіп-бағу және серуендету ережелеріне қатысты талаптар күшейтіледі. Сонымен қатар, жануарлардың басқа адамдарға немесе олардың мүлкіне зиян келтіруіне жол бермеу міндеті нақты белгіленген.
Заңда талаптар бұзылған жағдайда келтірілген шығынды өтеу мәселесі де қарастырылған. Осылайша құжатта жануар үшін ең алдымен иесінің жауапкершілігі басты орынға қойылған.
Жануарларды міндетті түрде чиптеу енгізіледі
Заң аясында жануарларды есепке алу жүйесін реттеу үшін міндетті чиптеу ұсынылған. Билік мұны жануарларды сәйкестендірудің бірыңғай әрі түсінікті тәсілі деп отыр. Жануарларды сату мен беру бақылауға алынады
Сонымен бірге жануарларды өсіру және айналымға шығару саласындағы бақылау да күшейтіледі. Енді жануарларды беру немесе сату тек тіркеу болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Жабайы жануарларды оңалтуға қатысты норма енгізілді
Заңда жабайы жануарларды оңалтып, табиғи ортаға қайта бейімдеумен айналысатын ұйымдарға қатысты да жеке норма қарастырылған. Ақорда мұндай өзгерістер жабайы жануарлардың генетикалық қорын сақтауға көмектесетінін атап өтті.