Әлеуметтік желіде Астанадағы №37 мектептің маңында төбелес болып, екі оқушының қаза тауып, үшеуінің ауыр жараланғаны туралы ақпарат тарады. Осы оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция департаментінің өкілдері төбелес туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
"Әлеуметтік желілерде Астана қаласындағы №37 мектептің жанында төбелес болғаны туралы және екі адамның қаза тауып, бірнеше адамның ауруханаға түскені жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарады. Төбелестің орын алғаны, сондай-ақ оның барысында қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", - деп хабарлады полиция департаменті.
Полиция тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
"Астана қаласының Полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделетінін ескертеді. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден ғана алуды сұраймыз", - делінген хабарламада.