Елордада есірткі қылмысына қатысы бар 25 жастағы күдікті полициядан қашпақ болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Chery көлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші заңды талапқа бағынбай, тоқтамай, жасырынуға әрекет жасаған. Қуғын барысында ол тұрғын үй ауласына кіріп, тұрақта тұрған екі көлікпен соқтығысқан. Одан кейін ер адам көлікті тастап, жаяу қашпақ болғанымен, полиция қызметкерлері оны ұстады.
"Көлікті тексеру барысында артқы орындығынан жасыл түсті оқшаулағыш таспамен оралған, ұнтақ тәрізді зат салынған орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес оның жалпы салмағы шамамен 500 грамм болатын Альфа-PVP есірткісі екені анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.
