Астанада 21 жастағы қыз алаяқтардың кесірінен қаза тапты: Қуат Домбай дабыл қақты

Көркем Алдабергенова 10 сәу. 2026 09:16

Қазақстандық қоғам қайраткері Қуат Домбай алаяқтардың әрекеті салдарынан болған қайғылы оқиға туралы айтып, бұл мәселенің ел үшін аса қауіпті деңгейге жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, жақында ол балалық шақтағы досының отбасына барып, көңіл айтқан.

«Досымның небәрі 21 жастағы қызы алаяқтардың кесірінен өзіне қол жұмсап, Астанада жұмбақ жағдайда көз жұмды. Оны өткен аптада, туған күні күні жерледік», – деді ол.

Қоғам қайраткерінің сөзінше, бұл – жалғыз жағдай емес. Ол қыздың сыныптастары арасында биылдың өзінде үшінші өлім тіркелгенін айтып, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға болатынын жеткізді.

«Барлығы есеңгіреп қалған. Бірақ бұл болмауы тиіс трагедия еді», – деді ол.

Сонымен қатар Қуат Домбай жуырда Нархоз университеті ұйымдастырған фактчекингке арналған конференцияға қатысқанын атап өтті. Оның айтуынша, шара барысында телефон алаяқтарының құрбаны болу қаупіне қатысты сұрақ қойылғанда, қатысушылардың барлығы дерлік қол көтерген.

 «100 пайыз адам кем дегенде бір рет алаяқтардың әрекетіне тап болған», – деді ол.

Ол Қазақстанда телефон алаяқтығы жаппай сипат алғанын айтып, мәселенің ауқымы жыл сайын ұлғайып бара жатқанын жеткізді.

«Бұл ұлттық эпидемияға айналып барады. Қаншама адам жинаған ақшасынан айырылып жатыр. Мысалы, менің сыныптасым шетелден анасына жылдар бойы ақша жіберіп келген, ал анасы 40 мың доллар жинап, оны алаяқтарға беріп қойған. Қазір ол зейнеткер әйел күйзеліске түскен», – деді ол.

Қоғам қайраткері қазіргі күрес тәсілдері жеткіліксіз екенін айтып, сынға алды. Оның пікірінше, бұл қылмыстарды қарапайым аудандық полиция қызметкерлері тергеп жатыр, ал мұндай істермен арнайы мамандар айналысуы тиіс.

«Қылмыскерлер жазасыз қалып, жаңа құрбандарды іздеуді жалғастырады», – деді ол.

Сондай-ақ ол алаяқтардың әдістері күрделеніп бара жатқанын, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, адамдардың туыстарының даусын айнытпай салатын видеолар қолданылып жатқанын атап өтті.

«Кім қорғалған? Біз өзімізді және отбасымызды қалай қорғаймыз?» – деп сұрақ қойды ол.

Қуат Домбай мәселені шешу үшін нақты ұсыныстарын да жеткізді. Оның айтуынша, ең алдымен, бұл қылмыстардың жаппай сипатын ескере отырып, арнайы ведомствоаралық жедел топ құру қажет.

«Оған құқық қорғау органдарымен қатар, “Қазақтелеком”, банктер, ұялы байланыс операторлары, Интерпол секілді ұйымдар жұмылдырылып, тәулік бойы жұмыс істеуі тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар, ол халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізу керектігін атап өтті.

«Әрбір жаңа алаяқтық тәсіл туралы халыққа дереу хабарлануы тиіс. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр», – деді ол.

Тағы бір ұсыныс ретінде ол алаяқтардың құрбандарына арналған бірыңғай жедел желі ашуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл күрес жаппай сипат алуы тиіс және әрбір жаңа қауіп туралы халық жедел түрде хабардар болуы қажет.

Қоғам қайраткері сөз соңында бұл бастамаларды қолдауға шақырып, құқық қорғау органдары мен үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove