Әлеуметтік желіде "Атыраулық хакер" деген атпен танылған Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты сот шешімі жарияланды. 32 жастағы ер адам алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Атырауда өткен сот процесінде үкімді 26 қараша күні судья Эльмира Ойқұлова жариялады. Сот Нұрлан Жаңбырбаевты бірнеше алаяқтық дерегі бойынша кінәлі деп таныды.
Мемлекеттік айыптаушы Абылайхан Абужанов бастапқыда оған 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда рақымшылық туралы заңды ескере отырып, жаза мерзімін төрттен біріне қысқартуды және түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзім белгілеуді ұсынған.
12 адам жәбірленуші деп танылған
Қылмыстық іс бойынша барлығы 12 азамат жәбірленуші ретінде танылған. Бұған дейін жарияланған мәліметтерге сәйкес, оларға келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 13 миллион теңгені құраған.
Оның 9 миллион теңгеге жуығы қайтарылғаны хабарланды. Соттағы соңғы сөзінде Нұрлан Жаңбырбаев өзін бас бостандығынан айырмауды сұрап, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық өтейтінін жеткізген.
Оның айтуынша, ақшаның басым бөлігі қайтарылған, ал қалған берешек шамамен 2 миллион теңгені құрайды.