"Әшімбаев Илон Маскты мысалға алды". Сенат Бюджет кодексінің жобасын Мәжіліске кері қайтарды

Кәмшат Тілеухан 06 ақп. 2025 13:11 1290

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Бюджет кодексінің жаңа жобасы талқыланып, ақырында оны сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы отырыста бюджет шығындарын оңтайландыру мәселесіне баса назар аударып, Үкіметке мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану жөнінде бірнеше кеңес берді. Сөйтіп мұхиттың арғы жағындағы Илон Масктың істеп жатқан тірліктерін де мысалға келтірді, деп жазады Dalanews.kz.

Сенатта Әшімбаев Бюджет кодексінің жобасын талқылау кезінде бүгіндері АҚШ-та жаңа президент әкімшілігі біздің еліміз үшін де өзекті мәселе - бюджетті үнемдеу саясатын қолға алып, үкіметтің шығындарын қайта қарап жатқанын еске салды.

"Олар жаңа министрлік құрды, оның құрамында, өздеріңіз білетіндей, Илон Маск та бар. Үкімет тиімділігі жөніндегі министрлік. Ол мемлекеттік органдардың бюджетін қысқартып, шығындардың тиімділігі-тиімсіздігін анықтап, керек емесінің көзін жоюмен айналысады. Түбінде қандай үнем жасалады, оны алда көретін боламыз. Әрине, біздің өзгенің тәжірибесін бас аслып, көшірмелеудің қажеті жоқ. Алайда айтып, осы арада "илеп жатқан теріміздің пұшпағы" осы шығындар тиімділігі екенін түсініп алуымыз керек", - деді ол.

Ал мұндай жағдайда, Сенат спикерінің айтуынша, екі жол бар: үкімет ұсынып отырғандай, салық реформасын жүзеге асыру арқылы табысты арттыру және бюджет балансын қолдау үшін шығындарды қысқарту.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров атап өткендей, кодекс жобасына бірнеше негізгі бағыт бойынша мынандай толықтырулар енгізілген:

  • Мысалы, президенттің Ұлттық қорды тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында, сондай-ақ Ұлттық қордың валюталық активін 100 млрд долларға дейін ұлғайтуды (155-бап) қамтамасыз ету үшін мақсатты трансферттерді орынсыз жұмсау жағдайы анықталса, оны Ұлттық қорға кері міндетті түрде қайтару нормасы;
  • Сондай-ақ, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың игерілуін бақылауды күшейту бойынша кодекстің 63-бабына бөлінген қаражаттың заңды, мақсатты және тиімді жұмсалуына жүргізілген мониторинг нәтижелерін Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің қарауына ұсынатын норма. Яғни, бұл арада мониторинг нәтижелерін арнайы кеңес қарап, олар  қажет болса қосымша шаралар қабылдамақ. Осылайша, қор қаражатының бей-берекет игерілуіне жол бермеу көзделіп, мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрбір факті мұқият зерттелетін болады. Сенаторлар мұның бюджет тұрақтылығы мен ұзақмерзімді даму үшін аса маңызды қадам болатындығына сенімді екенін жеткізді.
  • 105-бап міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын әзірлеу тәртібін, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдердің жиынтық жоспарларын және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларын жасау тәртібін айқындау жөніндегі нормамен толықтырылды; 
  • 110-бапта квазимемлекеттік сектор субъектілерінің төлемдерді, оның ішінде құрылысқа, мемлекеттік сатып алуға, пилоттық жобаларды іске асыруға байланысты төлемдерді жүргізу кезінде ағымдағы бақылау айқындалған; 
  • Кодекстің 143-бабында экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті алу үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындысының болуы бойынша талап көзделген. Осыған байланысты оның құзыретіне аталған мемлекеттік кепілдіктерді беру үшін қорытындыны әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі норманы енгізу қажет; 
  • бүгінгі таңда Ұлттық қордан тартылатын кепілдік берілген трансферттің жылдық сомасы ай сайын тең үлестермен тартылады және қаржы жылы ішінде оның қажетті сомаларға сұранысы әртүрлі болуы мүмкін болғандықтан, мемлекеттік қазынашылықтың нақты қажеттіліктеріне қарай кепілдік берілген трансферттің ай сайынғы көлемінің әртүрлі сомаларын белгілеу мүмкіндігі болатын норма ұсынылады; 
  • кепілгерлік шарты және оның қолданылу мерзімін регламенттеу шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында 145-бапта оларды қайтару жөніндегі норманы, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігінің қолданылуын тоқтату негізін көздейтін норманы көздеу ұсынылады; 
  • Бюджет кодексі мемлекеттік ислам бағалы қағазын шығаруды көздейтіндіктен, оның шығарылуы мен айналымының тәртібі мен шарттарын көздеу ұсынылады.

Заң жобасы аясында депутаттар Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың кестесін өзгерту мәселесін де көтерді.

Қолданыстағы тәртіп бойынша барлық трансферт ай сайын теңдей үлеспен берілетіндіктен, нақты қажеттілікке сәйкес икемді жүйе жоқ. Осы мәселе баса назар аудартқан сенаторлар бұл ретте Қаржы министрлігіне қаражатты бөлуді ай сайынғы сұранысқа байланысты реттеу ұсынысын енгізді. Яғни, белгілі бір кезеңде жобаларға көбірек немесе аз қаражат қажет болуы мүмкін, сондықтан мемлекеттік органдарға қаржыны дер кезінде әрі сұраныс көлеміне сай бағыттауды жоспарлау ұсынылады. Бұл тәсіл бюджет ақшасын үнемдеп, қаржыны мақсатты әрі шынайы пайдалану үшін маңызды қадам болмақ. Сенат мүшелері бұл өзгерістің әкімшілік кедергілерді азайтып, игерілмеген қаражаттың бостан босқа жатуына жол бермеуге септігін тигізеді деп санайды.

Бұған дейін сайтымызда "Енді Ұлттық қордан да, сырттан да көп ақша алмаймыз - сарапшы" деген мақала жарияланған болатын. Бұл мақалада Дүниежүзілік банк жариялаған "Kazakhstan Economic Update" атты кезекті есебіне экономист Ғалымжан Айтқазин талдау жүргізеді. Сондай-ақ "Инфляция болжамды көрсеткіштен асып түсіп, сарапшылар шу етті" деген мақаланы оқи отырыңыздар. Онда 2025 жылы қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстандағы инфляция 8,9% құрағаны айтылады.Бұл цифр болжамды көрсеткіштерден де жоғары болып, сарапшылар дер уақытында шара қабылдамаған Ұлттық банкті айыптады. Ал Ұлттық банк елімізде тоқтаусыз өсіп жатқан тұтынушылық несие бұған себеп екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар