Төтенше жағдай кезінде құтқару қызметтерінің кедергісіз жұмыс істеуі үшін арнайы механизмдер қажет, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Сенат төрағасы Маулен Әшімбаев кулуарда мәлімдеді.
Оның айтуынша, жақында болған қайғылы оқиға бұл мәселенің өзектілігін көрсетті.
«Трагедия болды, балалар қаза тапты. Осыған байланысты төтенше жағдай кезінде тиісті қызметтердің өз міндеттерін кедергісіз орындауы үшін нақты механизмдер қажет», – деді Әшімбаев.
Спикердің сөзінше, мұндай жағдайда адамның өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс.
«Мұнда белгілі бір нюанстар бар, бұл азаматтардың жеке мүлкі. Бірақ адам өмірі, қауіпсіздік, денсаулық мәселесі көтерілгенде, тиісті қызметтердің еш кедергісіз әрекет етуіне мүмкіндік беретін тетіктер болуы керек», – деді ол.
Әшімбаев бұл мәселеде заңнамалық өзгерістер қажет болуы мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ол мұндай нормалар нақты әрі анық жазылуы тиіс екенін айтты.
«Егер заң қабылданатын болса, онда оның ішінде мұндай тетіктердің қай жағдайда және қалай қолданылатыны нақты көрсетілуі керек. Бұл өте маңызды мәселе және жан-жақты қарастыруды қажет етеді», – деді Сенат төрағасы.
Оның пікірінше, бұл бағытта белгілі бір өзгерістер енгізу қажет.
