"Арыстанбектің ісіне араласпа!". Асанәлі Әшімов Тұңғышбай Жаманқұловқа ұрсып тастады (видео)

Dalanews 12 қаз. 2016 07:09 253

Дау. Тағы да дау. Бұл жолы актерлер бір-бірінің жағасынан алысты. Бұған Мәдениет министрі не дер екен? Әй, бірақ оның өз басынан дау арылмай жүр ғой. Арыстанбектің актерлерге ара түсетін жағдайы да, уақыты да жоқ қазір. Мұны неге айтып отырмыз?

Кеше еліміздегі Театр қайраткерлері одағы съезі өтті. Кезектен тыс өтіпті. Демек, аяқ астынан ұйымдастырылған. Осы одақтың тізгінін ұстап отырған Тұңғышбай Жаманқұловты не түлен түрткенін актерлер қауымы түсінбей қалыпты. 31 арнаның бұл туралы репортажын көрдік.

Актерлердің қабағы қатулы. Аяқ асты жиынның өтуіне қарсылық білдіріп, басқосуға не себеп болғанын түсінбей отыр екен. Араларындағы адуындылары Тұңғышбайға қыр көрсетіп залдан шығып кетіпті. Кете алмағандары айғайлап дауыс көтерген...
Айта кетсек, бұдан бұрын Тұңғышбай Жаманқұлов басы дауға қалған Арыстанбек Мұхамедиұлының "қыздарға қырындайтын" әдеті бұрыннан бар екенін жайып салған. Бұл туралы видеосы да бар. Сайтымызға жариялағанбыз.

“Мұндай жайды айта алмай, қашып кете алмай, ұялып жүрген қыздар қаншама?" деген еді Жаманқұлов. Ал Арыстанбектің жағдайын білесіз.

Өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова: "Мәдениет министрі мені төсекке сүйреді" деп айыптаған. 

Шыны керек, өнердің айналасында жүрген Арыстанбекпен жұлдызы қас азаматтар мына даудан кейін министр отставкаға кетеді деп күткені анық. Бұл заңды дүние. Шетелде солай. Басы дауға қалған министр өз креслосында бір күнде аялдамайды. Кетеді. Бірақ біз шетел емеспіз ғой...

Жаманқұловтың бұл жиынды өткізуі бекер болмапты.  "Өткендегі сөзімнен кейін Мұхамедиұлы маған шүйлігіп, жұмысымнан қууы мүмкін" деп ойласа керек, алдын-ала қам жасапты.
–«Жаңа төраға» сайлауды жарғы талаптарына сәйкес өткізу керек. Ашық немесе жабық сайлау арқылы дауыс береміз. Ал бірақ біреу айтты екен деп орнымнан кетпеймін. Мені кетіру үшін әріптестерімізге қысым жасау дұрыс емес, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Осы арада қызық болды. Қазақ киносының тағы бір мэтрі Асанәлі Әшімов Тұңғышбайды мұқатып тастады. Әшімов Жаманқұловтың Мәдениет министріне тиіскенін ұнатпай қалыпты және әлеуметтік желіде тараған Жаманқұловтың сұхбатына жақсы баға бермеді.

– Бұл сұхбат өте ұятты сұхбат болды. Мұны көрген өскелең ұрпақ не ойлайды? Сенің бұл мәлімдемеңнен кейін олар театрға келгісі келе ме?

Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан екі тұлғаның қабақ шытысып қалғаны кімге тиімді, қалай ойлайсыз?

Жаманқұлов орнынан кетуі мүмкін бе? Әлде одан бұрын Мәдениет министрі орнын босата ма? Белгілісі екеуі де жылы орнын қиғысы жоқ, "өліспей, беріспейміз" деп отыр.

Дереккөз: kaz.365info.kz


https://www.youtube.com/watch?v=pkttzPPJCok

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x