Араб елдері Қазақстанға қыруар инвестиция құюды жоспарлап отыр

Жарас Кемелжан 08 қыр. 2024 13:45 5741

Араб қаржы институттары Қазақстан экономикасына 7 миллиард доллар көлемінде инвестиция салатын болды. Алдағы уақытта бұл сома артуы мүмкін деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жаңалық Араб консультациялық тобының отырысынан кейін жарияланды. Сонымен бірге осы отырыста бірнеше құжатқа қол қойылды. Консультациялық кеңес құрамына Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, ОПЕК халықаралық даму қоры, Кувейттің араб экономикалық даму қоры және Әбу-Даби даму қоры сияқты институттар кіреді.

«Осы келісімдер аясында Қазақстан экономикасына жалпы сомасы 7 млрд доллардай ұзақ мерзімдік тікелей инвестиция тартылады деседі. Уақыт өте келе бұл сома артуы мүмкін», – делінген Премьер-министрдің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Араб консультациялық тобының мүшелері Қазақстан үшін басым саналатын бағыттағы салаларға қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, Қазақстан билігі инвесторларға көлік, энергетика, су ресурстары, денсаулық сақтау саласындағы әртүрлі жоба мен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын ұсынды.


Катардан келген бизнес өкілдері Қазақстанға қызығушылық танытып, «Береке Банк» пен Tele2 және Altel ұялы байланыс операторларын сатып алды. 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан темір жолының еншілес кәсіпорны KTZ Express БАӘ-нің AD Ports Group компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Бұл кәсіпорын Қазақстан мен Ресейден Парсы шығанағы елдеріне, Пәкістан, Үндістан және Солтүстік Африкаға жүк тасымалын жеткізеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар