Freedom Inside '26

Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам ауруханаға түсті

Ақтөбе облысында тойдан кейін 100-ден астам адам ауруханаға түсті
Фото: ЖИ

Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында өткен тойдан кейін жаппай улану дерегі тіркелді. Ресми мәлімет бойынша, мейрамханаға барған 102 адам ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, алғашқы науқастар медициналық көмекке 19 маусымда жүгінген. Қазір ауруханаға түскендердің 34-інде сальмонеллез белгілері анықталған. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына шұғыл хабарлама жолданып, зертханалық сараптама үшін қажет сынамалар алынған.

Дәрігерлердің мәліметінше, науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

Оқиғаға байланысты арнайы жедел штаб құрылды. Қандыағашқа қосымша медицина қызметкерлері жіберіліп, емдеу мекемелерінде қосымша орындар мен дәрі-дәрмек қоры дайындалған.

Ал Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті оқиғаның себептерін анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру басталғанын мәлімдеді. Мамандар қоғамдық тамақтану орнынан және қоршаған орта нысандарынан азық-түлік сынамаларын алып, зертханаға жолдаған.

Тексеру аяқталғанға дейін Қандыағаштағы "Тұмар" мейрамханасының қызметі уақытша тоқтатылды. Мамандар жаппай улануға нақты не себеп болғанын анықтап жатыр.