Экономикалық сарапшы Айбар Олжай ақша айырбас орындары доллар бағамын қайда қарап, өсіріп жатқандарын айтты. Оның айтуынша, бұл арада психо-эмоциональды әсер басым. Сондықтан ол "доллар қымбаттап жатыр" деп ақша айырбас орнына тұра жүгірмеуге кеңес береді, деп жазады Dalanews.kz.
"Астана уақытымен сағат 15:12 кезінде Форекстегі теңгенің долларға шаққандағы кросс-құны 515-ке жетті. Негізі біз Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттық нәтижелеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Бірақ KASE-дегі сауда сессиясы аяқталмағандықтан бүгінгі нақты нарықтық курс бойынша ақпарат шыққан жоқ. Сондықтан дәл қазір валюта айырбастау бекеттері өз курсын Форекстегі бағамға сүйеніп отырып қоюда. Кешке ақырғы курс 515-тен төмен болады деп сенемін. 510 төңірегіне жайғасуы ғажап емес", деп жазады Айбар Олжай Facebook-тегі парақшасында.
Ол қазір мына екі мәселенің басын ашып алу керектігін айтады:
- Бірішісі - теңгемен депозит ұстап отырғандар ұтты ма, әлде ұтылды ма?
- Екіншісі – бағамның жылдам құбылуына не себеп болды? Доллар күшейді ме, әлде теңге әлсіреді ме?
"Осыларға рет-ретімен жауап бере кетсем. Ең алдымен бізге, осы 2024 жыл бастала салғанда курс қандай болды, соны анықтап алу керек. Қор биржасы өз жұмысын бастаған 3 қаңтарда, яғни 2024 жылдың алғашқы жұмыс күніндегі сауда-саттық нәтижесінде теңге курсы бір долларға 457,06 көрсеткен. Бүгін бағам 510 болады деп топшыласақ, онда теңгенің 11 ай ішінде долларға шаққанда 11,6 пайызға арзандағанын байқаймыз. Биыл банк депозиттеріндегі орташа сыйақы мөлшерлемесі 13,6% болғанын ескерсек, онда теңгелік депозит ұстағандар қазір 2 пайыз плюсте. Долларлы депозиттің орташа сыйақысы 0,9-1% деңгейінде болды. Онда доллар ұстағандар 1% плюсте деп айта аламыз. Демек, инфляция факторын ескермесек, онда теңгелік депозит кірістілігі бойынша долларлы депозитке қарағанда тиімдірек болды. Бірақ бұл инфляциясыз есеп қана", - дейді сарапшы.
Ал инфляцияны қоссақ, онда картина өзгеріп шыға келеді екен.
"Биылғы теңгедегі инфляцияның қазіргі жылдық мәні - 8,5%. Онда 11,6+8,5 = 20,1. 20,1-13,6 = 6,5. Теңгедегі инфляция факторымен есептесек, биыл теңгелей депозит ұстағандар 6,5 пайызға минусқа кетті. Ал қазір АҚШ-та доллардың орташа инфляциясы 3% деңгейінде. 3-1 = 2. Сонда доллармен депозит ұстағандар 2% минуста".
Теңгені құлап бара жатқан рубль өзімен бірге төмен тартуда
"Себебі, Форекстегі рубльдің кросс-курсы Газпромбанкка санкция салынғалы бері күрт құлады. Қазір Форекстегі бағамы 109,9. Рубль/теңге паритетін 5 деп санағанда ол 549,5 кросс-курсына, ал 4,7 деп санағанда ол 516,53 кросс-курсына тіреп тұр. Демек, Форекс қазір теңге рубль паритетін 4,7 деңгейінде қабылдағанын анықтай аламыз. Газпромбанк газ контракттары бойынша Еуропа және басқа да елдерден валюта әкеліп тұрған Ресейдегі жалғыз ресми канал болатын. Оның бұғатталуы нарықта ажиотаж туғызды және инвесторлардың рубльдан тезірек құтыла бастауына алып кетті. Қазір биржаларда барлығы жаппай рубль сатуда және Ресейде басқа валюталарды айтпағанда, тіпті юань тапшылығы қатты сезіледі", - дейді Айбар Олжай.
Доллар барлық әлемдік валюталардың "мұрнын қанатып жатыр"
Дәл осындай жағдайда АҚШ керісінше долларды күшейтуге барын салды.
"DXY индексі 106,2-ге жетіп отыр. Бұл доллар барлық әлемдік валюталардың "мұрнын қанатып жатыр" деген сөз. Трамп антиглобалист және ол доллар инфляциясын болдырмауға уәде берген. Бұл инвесторлардың әлсіз валюталардан кетіп, доллардың айналасына қайта топтаса бастауына жол ашады. Шындығын айтсақ, теңгеге ауырлау заман келе жатыр. Оны осы қараша айындағы КАSЕ-дегі сауда-саттық көлемінен байқауға болады. Бір күндік орташа сауда көлемі рекордтық 240 миллион долларға жетейін деп қалды. Демек инвесторлар теңгеден долларға жаппай ауысуда".
Ал енді мұндай жағдайда көп нәрседен тартып ұстап, аз-маз жинақтаған жинағы бар қарапайым азаматтарға қайткен дұрыс?
"Ең болмайтын іс – дәл қазір айырбастау бекетіне жүгіру. Қазір доллардың спекулятивті, эмоционалды толқында өсіп тұрған кезі. Ертең спекуляция көбігі басылғанда сіз ұтылып қаласыз. 2022 жылы Ресей соғыс ашқанда долларды 512 теңгеге сатып алған адамдарды жеке танимын. Олар екі жыл күтіп, сол курсқа енді ғана келіп отыр. Ұлттық банктің конвертациялы және интервенциялық жұмысының әсері келесі аптада анық байқалатын болады. Қатты доллар алғыңыз келіп бара жатса, құрығында келесі аптаны күтіңіздер деп айтар едім", - дейді сарапшы Айбар Олжай.
Айта кетсек,бүгіндері, мәселен Алматыдағы кейбір ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары 526 теңгеден сатылуда. Ал Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізіп жатқанын мойындады.