Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Түркияның Анталия қаласында жол апатынан қаза тапқан жас жігіттің Қырғызстан азаматы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін түрік басылымдары марқұм Құбат Аманбековті Қазақстан азаматы деп хабарлаған болатын. Алайда қазақстандық ведомство түрік тарапынан ресми мәлімет сұратып, оның 27 жастағы Қырғызстан азаматы екенін нақтылаған.
Еске салайық, Аманбеков Анталиядағы бес жұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Ол түнгі ауысымнан кейін велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан кезде такси көлігі қағып кеткен.
Түркиялық БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға 11 мамырға қараған түні, шамамен сағат 03:00-де Анталияның Серік ауданында болған.
Куәгерлер оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырған. Алайда дәрігерлер жас жігіттің оқиға орнында көз жұмғанын анықтаған.
Сондай-ақ көліктің жергілікті CI компаниясына тиесілі екені айтылды. Такси жүргізушісі полиция бөлімшесіне жеткізіліп, тергеу амалдары жүргізілген.