Бір ғана үтірдегі қателік екі жастағы баланың өмірін қиды

Бір ғана үтірдегі қателік екі жастағы баланың өмірін қиды
pexels.com

АҚШ-тың Гейнсвилл қаласының тұрғыны Доминик Пейдж UF Health Shands ауруханасын сотқа берді. Оның айтуынша, дәрігер жіберген өрескел қателік екі жасар ұлының өліміне себеп болған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 1 наурызында болған. Доминик Пейдж ұлы Де’Маркусты тоқтаусыз жылап, тамақ ішпей, диареядан әлсіреген соң ауруханаға жеткізген.

Тексеру барысында баланың қанындағы калий деңгейі 2,8 екені анықталып, оны шұғыл түрде толықтыру қажет болған.

Алайда осы сәтте ауыр қателік кеткен. Дәрігер Цзяби Чен калий фосфатының мөлшерін 15 ммоль/литр деп жазып жіберген. Бұл балаға қажет дозадан он есе көп болған. Негізінде көрсеткіш 1,5 ммоль/литр болуы тиіс еді.

Үтірдің дұрыс қойылмауы салдарынан қауіпті мөлшер енгізілген. Ең сорақысы – қателікті фармацевт те, өзге медицина қызметкерлері де байқамаған. Соның нәтижесінде кішкентай бала жоғары дозаны екі рет қабылдаған.

Екінші қабылдаудан кейін Де’Маркустың ағзасындағы калий деңгейі 7,8-ге дейін көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер оның жүрек соғысын қалпына келтіргенімен, ұзақ уақыт оттегінің жетіспеуі миы мен ішкі ағзаларын ауыр зақымдаған.

Бала екі апта бойы аппараттың көмегімен ғана өмір сүрген. Алайда жағдайы жақсармаған соң, 2024 жылдың 18 наурызында ата-анасы өмірді қамтамасыз ететін құрылғыны ажырату туралы ауыр шешім қабылдаған.

"Сол күн әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ұйықтасам да, бәрі түсіме кіріп, шошып оянамын", – дейді Доминик Пейдж.