Полиция ата-аналарға бала қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескерту жасады

Полиция ата-аналарға бала қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескерту жасады
polisia.kz

Полиция қызметкерлері ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият қарауға шақырды. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде терезенің жиі ашылуына байланысты кішкентай балалардың абайсызда құлап кету қаупі артатыны ескертілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін үйдегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.

Мамандар ең алдымен терезені ашық қалдырмауға кеңес береді. Үйде кішкентай бала болса, терезені толық ашпай, тек желдету режимін қолданған дұрыс. Сонымен қатар диван, орындық және үстел секілді жиһаздарды терезе маңына қоймау қажеттігі айтылды. Себебі балалар сол арқылы терезеге шығып кетуі мүмкін.

Полиция масадан қорғайтын торлардың да қауіпсіздік құралы емес екенін ескертті. Мамандардың айтуынша, мұндай торлар баланың салмағын көтере алмайды және сүйенген жағдайда үзіліп кетуі ықтимал.

Сондай-ақ ата-аналарға терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнату ұсынылды. Бұл баланың терезені өздігінен ашуына жол бермейді.

Тәртіп сақшылары кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға шақырып, қарапайым сақтық шаралары адам өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін атап өтті.