Ақмола облысының тұрғыны ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін сотталып кетті

Қаракөз Амантай 11 қаң. 2025 10:40 626

Ақмола облысында ер адам “Чат Рулетка” қосымшасы арқылы ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.

“Ақмола облысы Астрахан ауданының прокуратурасы ұлтаралық араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша көрсетілім процесін ұйымдастырды. Айыпталушы үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды”, – делінген сенбі күнгі хабарламада.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың жазында ер адам масаң күйде шетелдік азаматпен “Чат Рулетка” қосымшасы арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында ол басқа ұлт өкілдеріне балағат сөздермен қатар қорлайтын пікірлер де айтқан.

Сараптама оның сөздерінде ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар екенін растады. Мемлекеттік айыптаушының дәлелдерімен келіскен сот айыпталушыны кінәлі деп танып, үкім шығарды.

Еске салайық, өткен жылы 21 жастағы алматылық Элина Лю қазақ тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталған еді. Сот оны ұлтаралық араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты.

Журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, оған заң тұрғысынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы бойынша жаза тағайындалған.

“Элина Лю осы жасына дейін көп нәрсеге қол жеткізді: дүниеге бала әкелді, әлеуметтік желілерге тіркелді, енді міне түрмеде отыр. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабы “Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған әрекеті” үшін сотталды”, - дейді ол.

Белгілі болғандай, өткен жылдың күзінде Элина TikTok желісінде тікелей эфир өткізеді. Оны мыңға жуық көрермен тамашалаған. Осы сәтте жазылушылардың бірі оның ұлты мен дінін сұрап, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етеді. Ал жас қыз бұл сұраққа дөрекі жауап береді.

“Ол қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек “мәмбеттер” сөйлейтінін жеткізген. Сондай-ақ ол Алматыдағы Абай көшесіндегі кептелістерге ауылдан келгендерді кінәлі деп айыптаған. Қала берді қалада ешкім қазақша сөйлемейтінін баса айтып, жазылушысына ұрысқан”, - дейді журналист.

Осылайша, Людің эфирдегі сөзі интернетте таралып, әлеуметтік желіні бақылайтын жедел уәкіл ондағы алауыздық белгілерін көріп, есеп жазған.

Сарапшы Лю сөздерінде қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысына қатысты қорлау және ұлттық араздық пен алауыздықты қоздыру белгілері бар екенін алға тартқан. Нақтырақ айтсақ, “қазақ ұлтының өкілдерін кемсіту” және “қазақ ұлтының тілін менсінбеушілік” бар деген қорытындыға келген.

Сотта Лю өзіне жазылушының мемлекеттік тілді білмегеннен кейін, Қазақстаннан кетуін талап етіп “арандатушылыққа бой алдырғанын айтқан”. Ол кінәсін мойындамай, тек жағымсыз пікір жазғандардың “намысына тигісі келгенін, “ұсқынсыз тіл” деген сөзді қазақ тіліндегі бейәдеп сөздерге қатысты айтқанын түсіндірген. Бірақ судья Қалима Дуанбекова оның жауабын қанағаттандырмады.

"Сот Людің кінәсінің дәлелденгені туралы қорытындыға келіп, ол өзінің іс-әрекетімен ұлтаралық алауыздықты тудырғанымен, ұлттық ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлаумен, азаматтардың қазақ ұлты өкілдерінің намысына тиген. Людің сөздері Қазақстан Республикасының азаматтарына азаматтық және саяси деструктивті көзқарас тудырады", – делінген сот үкімінде.

Нәтижесінде сот оны ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін кінәлі деп тауып, екі жылға соттады. Элина жазасын төменгі қауіпсіздік колониясында өтейді. Ал баласы әжесінің тәрбиесіне берілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар