“Үкім шығар алдында дүние-мүліктерін сатқан”. Ақтауда қорлықтан қаза тапқан арудың жақындары тағы бір тың дерек айтты

Қаракөз Амантай 10 қаң. 2025 16:19 3092

Қоғамда Ақтауда қаза тапқан 29 жастағы Алина есімді арудың оқиғасы үлкен резонанс тудырды. 2024 жылы мамырда оған бірнеше ер адам шабуыл жасап, зорлық-зомбылық көрсеткен. Салдарынан бойжеткен өзіне қол жұмсаған. Сот барысында айыпталушылардың кінәсі дәлелденіп, олар әртүрлі мерзімге сотталды. Алайда марқұмның туыстары сот үкімімен келіспей, апелляцияға шағым түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алинаның туыстарының айтуынша, бірнеше ер адам оны көлікке күштеп отырғызып, ұрып-соғып, несие алуға мәжбүрлеген. Қылмыскерлер оны босатпас бұрын “бізді біреуге айтсаң, өлтіреміз” деп сес көрсеткен. Қатты қорыққан Алина үйінен кетіп, құрбысының пәтерін паналаған. Жағдайды отбасына айтуға ұялып, бірнеше күннен кейін тоғызыншы қабаттан секіріп, өмірімен қош айтысқан.

Сот отырысы барысында басты айыпталушының ауыр қылмысқа қатысы бары дәлелденгенімен, кейбір айыптау баптары сот барысында ескерусіз қалған. Нәтижесінде, негізгі айыпталушы 20 жылға, ал қалған төртеуі 7-8 жылға бас бостандығынан айырылған. 

Марқұмның сіңлісі Арайлым Ulysmedia агенттігіне жағдайды баяндап берді. Оның айтуынша, сотта айыпталушылардың төртеуі кінәсін мойындаған, бірақ басты айыпталушы С. өзінің қылмысын жоққа шығарған. Алайда Алина тірі кезінде дәл сол адам зорлағанын айтып кеткен.

“С. әпкеме: “Төртеуі жабылады, одан да менімен бол” деп қорқытқан. Осындай сұмдықты мойындаса да, жеңіл жазамен құтылып кетті”, – дейді Арайлым.

Туыстары сот барысында көптеген маңызды баптардың ескерусіз қалғанын айтады. “Есірткі тарату” және “адам ұрлау” бойынша баптар бастапқыда айыптау актісінде болған, бірақ кейін алып тасталған. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбаларын жоюға әрекеттенген тағы бір қатысушының ісі де назардан тыс қалған.

“Айыпталушылар үкім шығарар алдында дүние-мүлкін сатып, 60 миллион теңге жинапты. Бізде барлық айғақ бар еді: видео, куәгерлердің сөздері, кінәні мойындау деректері. Бірақ сот үкімі жеңіл болды. Сот әділ өтеді деп сенген едік, бірақ ақыр соңында өзіміз ақпарат тараттық”, – дейді Арайлым.

Бұл іске байланысты негізгі айыпталушы 20 жылға, қалған төртеуі 7-8 жылға сотталды. Алайда жәбірленуші жақ пен прокуратура сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірді.

Еске салайық, бұған дейін nemolchikz_official әлеуметтік желіде 2024 жылдың мамыр айында Ақтауда болған жантүршігерлік оқиғаны жариялаған еді.

14 мамыр күні түнде Ақтауда бір топ ер адам спортпен айналысып, фитнес-жаттықтырушы болып жұмыс істеген қызды көлікке күштеп отырғызып, мефедрон беріп зорлаған. Таңға дейін қызды қинап, қала берді телефоны арқылы 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Қыздың туыстары сот шешіміне қарсы шағым түсіріп, істің әділ қаралуын сұрады.

Прокурор бас зорлаушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған, ал қалған төртеуіне 15-16 жылға дейін жаза тағайындалуы тиіс болатын. Прокуратура оларды зорлау, жыныстық зорлық-зомбылық, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, есірткі заттарын қолдануға көндіру, заңсыз бас бостандығынан айыру және адам ұрлау, бопсалау бойынша айыптаған. Алайда судья қыздың өлімін зорлықпен байланыстырмаған. Осылайша қылмыскерлердің жазасын жеңілдеткен. Марқұмның отбасы бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар