2025 жыл Қазақстанның қаржы секторын бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Аталған нарықтағы биылғы қауіп-қатер мен тәуекелдер, болжамды оқиғалар туралы өз ойымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнарева бөлісті, деп жазады Dalanews.kz.
Ол Zakon.kz сайтына берген сұқбатында қаржы секторы үшін 2025 жылғы ықтимал тәуекелдерге экономиканың сапалы өсімінің баяулауы, бюджет саясатындағы теңгерімсіздік, халық табысы деңгейінің төмендеу ықтималдылығын жатқызуға болатынын айтады.
Ирина Кушнарева секторға тән тәуекелдердің ішінен жекелеген салаларда да, жалпы кредиттік портфель бойынша да қарыз алушылардың несиелік қабілеті сапасының төмендеуін жеке-дара атап көрсетеді.
"Статистикаға сәйкес, 2024 жылдың 11 айында негізгі корпоративтік портфель өнеркәсіп кәсіпорындары (40%), өңдеу өнеркәсібі, металлургия, тамақ өнеркәсібі және т. б. қоса алғанда (27%) және сауда (23%) саласының қарыз алушыларынан тұрады. Бұл ретте осы топтар бойынша мерзімі өткен берешек пропорционалды емес – 17%, 16% және 42%.", - дейді ол.
Сондай-ақ сарапшы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша шағын бизнес арасындағы орнықты кәсіпорындардың үлесі 16,2%-ға (2024 жылдың басындағы 19,5% - дан), орта кәсіпорындарда 14,9%-ға (17,4% - дан) дейін төмендегенін атап өтті. Осы себепті банктерге корпоративтік несиелендірудің әлеуетті өсімі үшін өз бизнес-клиенттерінің кірісі мен пайдасын арттырғаны, қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіргені қажет, деп түсіндіреді ҚҚҚ спикері.
Өткен жылдың соңында ҚНРДА ұсынған деректеріне сәйкес, бизнесті несиелендіру өсімі қараша айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығын есепке алмағанда барлық дерлік салаларда байқалды.
Атап айтқанда, өнеркәсіп саласының алған несиесі 2,6%-ға, яғни 4,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бастап 21,7%-ға өсті), сауда-саттықта 4,4%-ға, яғни 3,4 трлн теңгеге дейін (+13,8%) өсті.
Қалған салалардағы несиелендіру көлемінің өсімі мынандай:
- құрылыста – 1,9%, 0,6 трлн теңгеге дейін,
- көлік саласында – 12,6%, 0,9 трлн теңгеге дейін,
- ақпарат және байланыс саласында - 6,9%, 0,1 трлн теңгеге дейін,
- басқа да қызмет көрсету салаларында - 4,4%, 3,1 трлн теңгеге дейін.
Ауыл шаруашылығындағы кредиттік портфельдегі көлемнің 2,4%, 0,5 трлн теңгеге дейін төмендеуі жоспарлы маусымдық кезеңдегі несиелерді өтеуге байланысты. Бұл ретте 2024 жылдың басынан бері өсім 2,1%-ды құрағанын баса атай кетелік. 2024 жылғы қарашада бизнес субъектілеріне барлығы 1,9 трлн теңге сомасында жаңа қарыздар берілді, бұл - 2023 жылғы қарашамен салыстырғанда 28,8%-ға артық көлем.
Бизнес кредиттері бойынша NPL90+ қарыздарының үлесі 1 желтоқсанға қарай 2,3% немесе 317 млрд теңгені құрады. Осылайша, пайыздық көрсеткіш 2024 жылғы 1 қаңтардағыдай деңгейде сақталып қалды десе де болады, бірақ өткен жылдың басынан бастап абсолюттік мәнде 9,7%, 289 млрд теңгеге өсті.
Ирина Кушнарева жеке сектор үшін тағы бір тәуекелді атап көрсетті: банктер, МҚҰ, сақтандыру нарығы және бағалы қағаздар нарығын қоса алғанда, барлық қаржы ұйымдары үшін реттеу тұрғысында қатаңдату шараларының тұрақты процесі.
"Бұл ретте қандай да бір өзгерістер әлі байқалған жоқ, сондықтан қаржы секторы бұл сынаққа 2025 жылы да тап болуы мүмкін", - дейді Ирина Кушнарева.
Сондай-ақ, ол 2025 жылы қаржы нарығы үшін жаңа Салық кодексінде қамтылған жаңашылдықтар маңызды болып табылатынын айтады.
Айта кетсек, өткен жылдың қараша айында Мәжіліс екінші деңгейдегі банктер үшін салық салымын қатаңдатуды, атап айтқанда корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін қайта қарауды ұсынған болатын.
Қарды нарығы үшін биылғы тың жаңалық – Банктер туралы жаңа заң. Бұл құжат биыл дайын болады деп күтіліп отыр.
"Реттеуші орган нарық қатысушыларымен, қаржыгерлер қауымдастығымен және сарапшылармен заң жобасын талқылауға дайын екенін растады, қаржы секторын дамыту және оның ел экономикасын дамытуға қосушы үлесін одан әрі арттыру міндетіне жауап беруші бірлескен жұмыс нәтижелі болады деп үміттенеміз. Заң жобасын қарау кезінде Парламенттің салмақты және бейтарап ұстанымы да маңызды, біз оған көп сенім артып отырмыз", - дейді Ирина Кушнарева
Сақтандыру нарығында жалпы сақтандыру секторында да, өмірді сақтандыру саласында да айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін деп болжанады. Бұған дейін сақтандыру компаниялары сақтандыру төлемдерінің лимиттерін ұлғаюы ықтимал екенін айтқан.
Ирина Кушнареваның айтуынша, 2024 жылы ірі бизнестегі несиелендірудің жеделдетілген өсімі (+24%) базалық мөлшерлеменің төмендеуі, инвестициялық жобаларды іске асыру, 2023 жылда кейінге қалдырылған сұраныс, несиеге өтінімдер санының оң динамикасы және оларды мақұлдаудың жоғары үлесі аясында кредиттер құнының біртіндеп төмендеуімен байланысты болды. Шағын және орта бизнесті жаңа несиемен қамсыздандыру белсенділігі төмен болды: сәйкесінше 21% және 16% өсім. Мұндай динамика кредиттерге өтінімдер санының азаюы және ШОБ-тың жалпы қаржылық жағдайының нашарлауы салдарынан қалыптасты.
"Бұл динамиканың сақталуы, көбінесе макроэкономикалық жағдайларға және 2025 жылғы ақша-несие саясатына байланысты болады", - дейді қаржыгер маман.
Жеке тұлғаларды несиелендіру жайына келетін болсақ, бұл ретте соңғы жылдары байқалған өсімнің баяулау үрдісі жалғасуы мүмкін. Мәселен, спикердің мәліметінше, 2022 жылдың 11 айында жеке тұлғаларға кредит беру өсімі 29%, 2023 жылы 24%-ды құраса, 2024 жылы ол 21,8% - ға дейін төмендеді. Бұл жағдайда біз кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес жеке тұлғалар туралы айтып отырғанымызды нақтылай кетелік.
Валюта бағамына қатысты айтарлықтай өзгеріс әлі күтілмейді.
"Алайда, инфляция қарқын алып, монетарлық саясаттың қатаюы қаржы ұйымдарының клиенттеріне және сәйкесінше қаржы секторына әсер етуі мүмкін. Бірақ желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша валюта нарығында айтарлықтай өзгерістердің алғышарттары байқалмайды", деп қорытындылайды өз сөзін Ирина Кушнарева.