Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 07:30

Бүгін елдің басым бөлігінде ауа райы күрт құбылады. Қазгидромет мәліметінше, Астана мен Алматы қалаларын қоса алғанда, 16 өңірде дауылды ескерту жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірқатар аймақта үсік, жаңбыр мен найзағай, бұршақ, тұман күтіліп, желдің күшеюі ықтимал.

Астанада түнгі уақытта 1 градусқа дейін үсік жүреді. Ақмола облысында күндіз батысы мен солтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал түнде шығыс бөлігінде үсік болуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында да жауын-шашын мен найзағай болжануда. Таңғы уақытта тұман түсіп, желдің екпіні кей жерлерде секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Өңірдің батысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Қостанай облысында да жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Павлодар өңірінде түнде үсік жүріп, солтүстігінде өрт қаупі сақталады. Қарағанды облысының жекелеген аудандарында да үсік болжанып, жел күшейеді.

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетіп, түнде 2–3 градусқа дейін үсік жүреді. Кей аудандарда өрт қаупі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

Ал Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі бар. Синоптиктер Үлкен және Кіші Алматы өзендері алабында (2800 метрден жоғары) қар қабатының тұрақсыз екенін ескертіп, тау бөктерлеріне шықпауға кеңес береді.

Жетісу облысында желдің екпіні кей тұста 25 м/с дейін жетуі мүмкін. Өңірдің бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталған. Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай мен дауыл күтіледі.

Қызылорда, Атырау және Ақтөбе облыстарының кей бөліктерінде өрт қаупі жоғары. Ақтөбе өңірінде бұдан бөлек тұман түсіп, түнде үсік жүруі ықтимал.

Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15–18 м/с дейін күшейеді. Ал Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және тұман күтіліп, жел екпіні 20 м/с дейін жетеді, түнде үсік болуы ықтимал.

Жалпы, синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыз құбылыстарына байланысты сақ болуға кеңес береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove