Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тергеу 2024 жылдың аяғына дейін бітпеді, бұған дейін ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов тергеу жыл аяғына дейін аяқталатынын мәлімдеген еді. Бұл туралы Telegram арналар жазып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметке сүйенсек, қылмыстық іс көбейген: ұрлық, бұзақылық, қорқыту және қылмыс туралы хабарламау эпизодтары қосылды.
11 күдікті қамауда отыр.
«Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы делінетін Хасан Қасымбаевты қамауға алу мерзімі де жақында аяқталуы керек еді. Іс сотқа жіберілді немесе қамауға алу мерзімі ұзартылды деген хабарлар әлі жарияланбады», - деп жазылған мәліметте.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.