Алты сағаттық жиналыстан қажыды ма? Шымкентте білім басқармасының 20-ға жуық қызметкері жұмыстан кеткені айтылды

Алты сағаттық жиналыстан қажыды ма? Шымкентте білім басқармасының 20-ға жуық қызметкері жұмыстан кеткені айтылды
Фото: ЖИ

Шымкент қалалық білім басқармасында кадр мәселесіне қатысты жаңа ақпарат тарады. Әлеуметтік желідегі дерекке сәйкес, жаңа оқу жылы басталғалы бір жарым ай ішінде басқарманың 20-ға жуық қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Бұл туралы қоғам белсендісі Оңғар Қабден Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қызметкерлердің жұмыстан кетуіне қала әкімінің ұзаққа созылатын жиналыстары әсер етуі мүмкін.

"Оқу жылы басталғанына бір жарым ай болды. Ал Шымкент қалалық білім басқармасынан 20-ға жуық қызметкер жұмыстан өз еркімен кетіп қалған. Әкім орынбасарының 15:00-де басталып, 21:00-ге дейін созылатын жиналысынан қажыса керек. Сонда алты сағаттық жиналыста не мәселені талқылайды екен? Оқу жылы аяқталғанша бұл басқармада адам қалмаса таң қалмаймыз", – деп жазды Оңғар Қабден.

Желі қолданушысының жазбасы көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бірі Зікірә Қожаев басқару жүйесіндегі шамадан тыс жиналыстардың жұмыс тиімділігіне кері әсер етуі мүмкін екенін меңзеген.

"Құрмет көп болса – күріштің соры, дүрмек көп болса – жұмыстың соры", – деп жазды ол.

Айта кетейік, Dalanews.kz редакциясы аталған жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында Шымкент қалалық білім басқармасына ресми сауал жолдады. Басқарманың жауабы алынған соң қосымша ақпарат жарияланады.