Қазақстанда шетелдік фильмдерді қазақша дубляжбен көрсету талабын заңмен бекіту ұсынылды. Осыған қатысты петиция Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Петиция авторы – журналист Жалғас Ертай. Ол «Кинематография туралы» заңға өзгеріс енгізіп, шетелдік фильмдерді қазақ тілінде дыбыстауды міндеттеуді ұсынып отыр. П-2026-00001027 нөмірлі петиция ePetition.kz платформасында жарияланған. Қазір құжат модерациядан өтіп жатыр. Бұл рәсім қол жинау басталған күннен бастап 20 жұмыс күніне созылады.
Қазір заңда не жазылған?
«Кинематография туралы» заңның 9-бабына сәйкес, қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдердің қазақша аудармасы болуы керек. Аударма дубляж, субтитр немесе кадр сыртындағы аударма түрінде ұсынылуы мүмкін. Яғни қолданыстағы талап бойынша фильмді қазақша толық дыбыстамай-ақ, тек субтитрмен немесе кадр сыртындағы аудармамен көрсетуге болады.
Петиция авторы осы талапты өзгертіп, шетелдік фильмдерді прокатқа қазақша дубляжбен шығаруды міндеттеуді ұсынады.
Қазақша дубляж қанша табыс әкеледі?
Петиция авторының айтуынша, қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен сұранысы жоғары. Ол бұған бірнеше мультфильмнің кассалық түсімін мысал ретінде келтірген. Атап айтқанда, Disney компаниясының «Моана 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы 12 күнде 151 миллион теңгеден астам табыс жинаған. Бұл Қазақстандағы жалпы кассалық түсімнің 12 пайызына тең болған.
Ал «Ойжұмбақ 2» мультфильмінің қазақша нұсқасы алғашқы төрт күнде 40 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Петиция авторы бұл көрсеткіштер қазақша дубляждың коммерциялық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді деп есептейді.
Петицияда қандай өзгерістер ұсынылған?
Жалғас Ертай бірнеше талапты заңға енгізуді ұсынып отыр:
- Қазақша дубляж фильм прокатқа шыққан күннен бастап қолжетімді болуы керек.
- Субтитр мен кадр сыртындағы аударма қазақша дубляждың орнына жүрмеуі тиіс.
- Шектеулі прокатқа шығатын фильмдерге қатысты жеке талаптар белгіленуі қажет.
- Кинотеатрлар мен дистрибьюторларға жаңа талаптарға дайындалу үшін уақыт берілуі керек.
Бұл бастама басқа тілдердегі фильмдерді көрсетуге тыйым салуды көздемейді.
Балаларға арналған фильмдерге де қатысты
Петиция авторы қазақша дубляждың балалар мен отбасылық аудитория үшін маңызы зор екенін атап өткен. Оның пікірінше, кішкентай балалар фильм мазмұнын субтитр арқылы толық түсіне алмайды. Сондықтан балаларға арналған туындылардың қазақша дыбысталған нұсқасы қолжетімді болуы керек.