Жол таңбалары үшін 272 млн теңге жұмсаған ақтөбелік шенеунік сот алдында жауап береді

Көркем Алдабергенова 09 қаң. 2025 09:46 664

Ақтөбе әкімі Азамат Бекеттің қоластында істеген шенеунік Абзал Тильмагамбетов жол таңбалары үшін 272 млн теңге көлемінде ақша қолданғаны үшін сот алдында жауап береді, деп хабарлайды Dalanews.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

41 жастағы Абзал Тильмагамбетов осы уақытқа дейін Ақтөбе жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры қызметін атқарған.

Бұл ұйым тікелей қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, яғни қала әкімдігіне қарайды.

"Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – қала көшелеріне жол таңбаларын сызу. Цифрлық технологиялар орталығы бұл жұмыспен әкімдік бейнероликтерінің әсерлі монтажы мен көркемдігіне қарағанда, күндіз-түні айналысқандай көрінді. Қалада бояу бүріккіш құрал тимеген асфальт қалмағандай әсер қалдырған", делінген жазбада.

Алайда жергілікті прокуратураның бүгінгі мәлімдемелері бұл тек көзбояушылық болғанын көрсетеді. Тергеу мәліметінше, Тильмагамбетов «қызметтік жағдайын пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алу келісімшарттары аясында жол таңбаларын сызу бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін 272 млн теңге көлеміндегі актілерге қол қойған».

Жуырда Тильмагамбетов қамауға алынды. Ол сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бабы бойынша айыпталуда.

Осы бап бойынша тағы бір адам – кәсіпкер Аслан Кусумов та айыпталып отыр, алайда ол үйқамақта.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар