Төтенше жағдайлар министрлігі көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқаны туралы айтты. Министрліктің төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриевтің мәлімдеуінше, дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл төтенше жағдайлардың салдарын жоюға 40 мың құтқарушы жұмылдырылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ахриевтің айтуынша, биылғы қыс қарлы болады деген болжам бар, сондықтан барынша сақтық шараларын қабылдау қажет.
“Алдын ала болжамдарға сәйкес, биыл қыс қарлы болады деп күтілуде. Осыған байланысты біз ең қиын сценарийге дайындық жүргізіп жатырмыз. Оқу-жаттығуларда да жағдайдың ең ауыр сценариі бойынша қалай өрбитінін жан-жақты қарастырамыз. Соған сәйкес әрекет етеміз”, – деді ТЖМ өкілі Курсивке берген жауабында.
Сөзінше, министрлік барлық тәуекелді ескеріп, алдын алу шараларын күшейтуді жалғастырып жатыр.
Еске сала кетейік, өткен жылы еліміздің бірнеше өңірінде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Олардың қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары болды. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған.
Ал Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдай насырға шауып, адам шығыны тіркелді. Мұнда 3 мыңға жуық үй су астында қалғаны хабарланған еді. Бұл — Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі келтірген дерек.
Су тасқының салдарын жоюға 231 техника, 1198 жеке құрам, 18 жүзу құралы, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылған болатын.
Атырау облысы Құлсары қаласынан жалпы саны 33 641 адам көшірілді және 201 уақытша орналасу орындары дайындалды.
Жалпы саны 84 қоңырау түсіп, 173 адам құтқарылды, оның ішінде 15-і бала. 248 мал басы және 27 үй жануарлары қауіпсіз орындарға көшірілді.