Ақмола облысындағы жол апаты: Футбол федерациясы қаза тапқан бапкердің туыстарына көңіл айтты

Кәмшат Тілеухан 19 сәу. 2025 16:51 277

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров балалар футболының бапкері Әлібек Жүсіповтің жол апатына түсіп, мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Футбол федерациясы өз тарапынан марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін де жеткізді. 

"Әлібек Жүсіпов балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға зор үлес қосты. Ол бапкерлік қызметінде талай жас футболшының жолын ашып, отандық футболға адал еңбек етті. Жақсы адам, білікті маман ретінде есімізде мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, жатқан жері жайлы болсын!", делінген жеделхат мәтінінде.

Айта кетсек, 18 сәуірде Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолында "Мерседес" маркалы шағын автобус жол апатына ұшырады. Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік жүргізушісі алдындағы жүк көлігін басып кезінде аударылғаны анықталды. Микроавтобус салонында 14 пен 16 жас аралығындағы 16 бала және бір ересек адам, яғни жаттықтырушы болған. Апат салдарынан бапкер оқиға орнында жан тапсырды. Балалар жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді, олар дәрігерлердің бақылауында. 

Соңғы келіп түскен ақпараттарға сәйкес, 16 баланың 15-ін Ерейментаудағы ауруханадан ата-аналары Павлодарға алып кеткен. Олардың көбісі түрлі деңгейдегі орташа және жеңіл жарақат алған. Тек бір жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Оны алда санавиация көмегімен Павлодарда жеткізу жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар