Қайрат Сатыбалдының әскери колледжге баруынан кейін басшылық қызметінен кетті

Қайрат Сатыбалдының әскери колледжге баруынан кейін басшылық қызметінен кетті
коллаж: dalanews

Қорғаныс министрлігі Қайрат Сатыбалдының Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери колледж курсанттарымен кездесуін ұйымдастырмаған. Бұл туралы Мәжіліс дәлізінде қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, колледжде оқу орнының 40 жылдығына арналған шара өткен. Кездесудің бағдарламасы мен шақырылған қонақтарды бұрынғы түлектер өздері ұйымдастырған.

Вице-министр Сатыбалдының курсанттарға ешқандай дәріс оқымағанын да атап өтті.

Журналистер колледж басшылығы осы жағдайдан кейін жауапқа тартыла ма деп сұрағанда, Ахмедиев тиісті шешім қабылданғанын жеткізді.

"Жаза қолданылды. Қателеспесем, қызметінен босатылды", – деді ол.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды бұған дейін кінәсін мойындап, мемлекетке заңсыз алынған жүздеген миллиард теңгенің активтерін қайтарған болатын. 2024 жылдың тамызында сот оның түрмеде өтелмеген жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған еді.