Илон Масктың SpaceX компаниясы акцияларын қор нарығына шығаруға ресми өтінім берді. Компания IPO арқылы 75 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл Уолл-стрит тарихындағы ең ірі биржалық орналастырулардың бірі болуы мүмкін, ,деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметтерге сәйкес, SpaceX акциялары биыл маусым айында америкалық Nasdaq биржасында SPCX атауымен саудалана бастауы мүмкін. IPO өткеннен кейін де Илон Маск компанияның басшысы болып қала береді.
SpaceX осыған дейін қаржылай көрсеткіштерін толық жариялап көрмеген. Ал енді компания 2025 жылғы есебін алғаш рет ашық көрсетті. Былтыр SpaceX-тің табысы 18,7 миллиард долларға жеткен. Бірақ жаңа технологиялар мен ғарыш жобаларына көп қаржы салынғандықтан, компания 2,6 миллиард доллар шығынға ұшыраған.
Сонымен қатар SpaceX жақын уақытта инвесторларға дивиденд төлемейтінін мәлімдеді. Компания барлық табысты жаңа жобаларды дамытуға жұмсамақ.
Сарапшылардың бағалауынша, қазір SpaceX-тің нарықтағы жалпы құны 1,25 триллион доллар шамасында. Ал Илон Масктың компаниядағы үлесі 600 миллиард доллардан асады.
Егер IPO сәтті өтсе, Маск әлемдегі ең бай адам мәртебесін сақтап қана қоймай, тарихтағы алғашқы долларлық триллионер атануы мүмкін.