Қазақстанда тағы бір тіл ресми мәртебе алуы мүмкін

Қазақстанда тағы бір тіл ресми мәртебе алуы мүмкін
depositphotos.com

Қазақстанда ымдау тілінің мәртебесі заң жүзінде бекітілуі мүмкін. Бұл түзетулерді Мәжілістің жұмыс тобы қолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ымдау тіліне ресми мәртебе беру бастамасы Мәжілісте есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды қолдауға арналған заң жобасы аясында талқыланып жатыр.

Депутаттардың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам тұрады. Олардың шамамен 5 мыңы – балалар. Көпшілігі үшін ымдау тілі – толыққанды қарым-қатынас жасаудың жалғыз мүмкіндігі. Алайда бұл тіл әлі күнге дейін заң жүзінде нақты бекітілмеген.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякованың айтуынша, депутаттар ұсынған түзетулерді Үкімет қолдаған. Ал Мәжілістің жұмыс тобы бұл бастамаға бірауыздан дауыс берген.

"Құрғақ сандардың артында әрдайым нақты адамдардың тағдыры тұрады. Адам ауруханада ойын жеткізе алмайды. Қызмет ала алмайды. Оның сөзі естілмейді. Әрине, бұл әлі соңғы шешім емес. Бірақ ымдау тілі ресми мәртебе алатын болса, бұл өте маңызды қадам болады", – деді Смолякова.

Депутаттың сөзінше, бұл бастама тек тілді символикалық түрде мойындау емес. Әңгіме білім алу, медициналық көмек, мемлекеттік қызметтер, сот жүйесі және ақпаратқа қол жеткізу сияқты негізгі құқықтар туралы болып отыр.

Бастаманы депутат Нұргүл Тау көтерген. Бұл мәселе Қазақстан саңыраулар қоғамының өтінішінен кейін талқылауға шыққан. Қоғам өкілдері сурдоаударманың, бейімделген контенттің жеткіліксіз екенін және есту қабілеті бұзылған адамдардың күнделікті өмірде көптеген қиындыққа тап болатынын айтқан.