Қытайлық инвесторлар Шымкенттегі құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді

Қытайлық инвесторлар Шымкенттегі құқық қорғау органдарының әрекетіне наразылық білдірді
Фото. vera.kz

Кәсіпкерлер Қазақстан президентінен өздерін қудалаудан қорғап, бизнестеріне араша түсуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz vera.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкент қалалық прокуратурасының ғимараты алдына «Синь Юань Стиль» металлургия зауытының иелері мен қытайлық кәсіпкерлер жиналды. Олар соңғы екі аптада қандай қысымға тап болғандарын қадағалау органына жеткізуді ұйғарған.

Кәсіпкерлердің айтуынша, «Синь Юань Стиль» зауытындағы мәселелер Шымкент полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері келгеннен кейін басталған. 6 мамыр күні күштік құрылым өкілдері зауыт аумағына кіріп, Қытайдың 80 азаматын ұстаған.

Кәсіпкерлердің сөзінше, жұмысшыларсыз қалған өндіріс орнында индукциялық пештер, қосалқы станса, газ қондырғысы мен өндірістік желі бақылаусыз қалған. Апаттың алдын алу үшін жабдықтарды шұғыл тоқтатуға тура келгендіктен, кәсіпорын келген шығын көлемін әлі есептеп жатыр.

Ал Шымкент полициясы зауытта тексеру шаралары жүргізілгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, «102» арнасына шетел азаматы заңсыз ұсталып отыр деген хабарлама түскен. Кейін бұл ақпарат расталмағанымен, тексеру барысында Қазақстанда заңды түрде жүргенін растайтын құжаттары жоқ шетелдіктер анықталған.

Полиция мәліметінше, жеке басын анықтайтын құжаттары болмаған азаматтар ғана уақытша қабылдау-тарату орталығына орналастырылған. Ұсталғандардың арасында металлургия зауытын кеңейтуге 30 млн доллар инвестиция салуды жоспарлаған екі қытайлық инвестор да болған. Енді зауыт иелері әлеуетті серіктестер райынан қайтып кете ме деп алаңдайды.

«Кәсіпорын аумағын тексеру барысында Қазақстан аумағында заңды тұруы мен еңбек қызметін жүзеге асыруын растайтын құжаттары жоқ шетел азаматтары анықталды. Аталған фактілер бойынша полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасына сәйкес шара қабылдады. Жиналған материалдар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған шетел азаматтары тек жеке басын анықтау және заңда көзделген процессуалдық шешім қабылдау үшін қабылдау-тарату орталығына орналастырылды», – деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері кәсіпорынға қысым жасалмағанын және инвесторлар қамауға алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

Қалалық прокуратура маңында түсірілген видеода Қытайдан келген екі кәсіпкер өз жағдайларын баяндаған. Олардың айтуынша, Шымкентке зауытты дамытуға қаржы салу үшін келгенімен, уақыттарын қамауда өткізгеніне наразы.

«Мені зауытты кеңейту жобасын қаржыландыру үшін шақырды. Қытайдағы компаниям 30 млн доллар инвестиция салуға дайын болды. Бірақ не үшін мұндай жағдайға тап болғанымды түсінбеймін. Мен Қазақстанға визасыз режим арқылы келдім, ел аумағында заңды түрде жүруге құқығым бар. Полиция қызметкерлері зауытқа кіріп келіп, мені белгісіз бағытқа алып кетті, төлқұжатымды тартып алды. Мені арнайы қабылдау орнында ұстады, әлі күнге дейін құжатымды қайтарған жоқ. Ал визасыз режим мерзімі өтіп бара жатыр. Егер мерзім асып кетсе, оған кім жауап береді? Біз “Бір белдеу – бір жол” бағдарламасы аясында Қазақстанға инвестиция салуға келдік. Мұндай жағдай басқа инвесторларға да әсер етеді», – деді инвесторлардың бірі.

Ал екінші кәсіпкер Оон Ченнің айтуынша, оның инвесторларға арналған С-5 визасы бар әрі Қазақстанда компания тіркеген. Соған қарамастан, ол да төлқұжатсыз қалып, арнайы қабылдау орнында болған.

«Менде ресми инвестор визасы бар. “Синь Юань Стиль” зауытына инвестиция салғым келді. Бірақ мені де ұстап, полиция төлқұжатымды алып қойды. Қазір құжатымды қайтармай жатыр, ал маған емделу үшін еліме шұғыл қайту керек», – дейді Оон Чен.

Кәсіпкерлер мемлекет басшысынан зауыт төңірегіндегі жағдайды бақылауға алып, металлургия кәсіпорны жұмысының уақытша тоқтап қалуына кім кінәлі екенін анықтауды сұрады.

Қытайлық инвесторлар «полиция үшінші тараптардың тапсырмасымен әрекет етіп, заңсыз шаралардың өтуіне әдейі көмектесті» деп күмәнданады. Ал полиция жедел іс-шаралар заң аясында жүргізілгенін алға тартып отыр.

Қазіргі уақытта ұсталған барлық жұмысшы босатылған. Алайда зауыт иелерінің мәліметінше, кей азаматтардың құжаттары әлі қайтарылмаған.

Сондай-ақ кәсіпкерлер 6 мамырдағы оқиға әдейі ұйымдастырылған болуы мүмкін деп есептейді.

Олардың сөзінше, біріншіден, істің басталуына негіз болған анонимді қоңыраудың қайдан түскені белгісіз және онда айтылған ақпараттың нақты дәлелі жоқ.

Екіншіден, кәсіпкерлердің айтуынша, тек сол хабарламаға сүйеніп, іске қатысы жоқ Қытай азаматтарын жаппай ұстау жүргізілген. Олар прокуратура мен сот санкциясынсыз және кінәні дәлелдейтін айғақтарсыз адамдар қамауда ұсталды деп отыр.

Үшіншіден, жауап алу кезінде адвокат пен аудармашы берілмегені, адамдардан заңсыз түрде түсініктеме алынғаны айтылды. Кәсіпкерлер мұны заңсыз дәлел жинау деп бағалайды.

Төртіншіден, олардың пікірінше, заңсыз ұстаулар мен тергеу әрекеттері кәсіпорынның қалыпты жұмысына тікелей кедергі келтіріп, өндірісті кеңейту, жаңғырту және жарғылық капиталды ұлғайту жоспарларына нұқсан келтірген. Соның салдарынан зауыт айтарлықтай экономикалық шығынға ұшыраған.