Қазақстан «алтын виза» енгізіп, шетелдік мамандарды тартуға кірісті

Қазақстан «алтын виза» енгізіп, шетелдік мамандарды тартуға кірісті
pixabay.com

Жоғары білікті мамандар үшін жаһандық бәсеке күшейіп жатқан жағдайда Қазақстан жаңа көші-қон саясатын қалыптастыруға кірісті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл мәселе «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Кездесу барысында жоғары білікті мамандарды, инвесторлар мен халықаралық деңгейдегі кадрларды тарту, адами капиталды дамыту және көші-қон үдерістерін цифрландыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін Қазақстанда ұзақ мерзімді жұмыс істеуге және тұруға қолайлы жағдай жасау тетіктері қарастырылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жаңа саясат көші-қон процестерін тиімді басқаруға және адами капиталды тартуға бағытталғанын айтты.

«Құжатта “QazETA” бірыңғай цифрлық платформасын “e-Residency” модулімен енгізу, “e-Residency Invest” бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ жоғары білікті мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін бірқатар артықшылықтарды көздейтін арнайы “Алтын визаны” енгізу қарастырылған», – деді Ербол Тұяқбаев.

Оның айтуынша, «Алтын виза» стратегиялық инвесторлар мен экономикаға қажет білікті мамандардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге мүмкіндік береді. Жаңа тетік 2026 жылдың соңына дейін енгізіледі деп жоспарланып отыр.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Анна Альшанская әлем елдері қазір адами капитал үшін бәсекені күшейтіп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан білікті мамандарды тартудың өңірлік орталығы ретінде проактивті позиция ұстана отырып, ішкі мобильділікті теңгерімді аумақтық дамудың маңызды ресурсы ретінде пайдалана алады», – деді ол.

Бастамаларды Халықаралық көші-қон ұйымы да қолдады. Ұйым өкілдері икемді әрі ашық көші-қон жүйесі Қазақстанның халықаралық бәсекеге бейімделуіндегі маңызды қадам болатынын айтты.

«Мемлекет басшысының шешімін іске асыру халықаралық білікті мамандар мен инвестицияларды тартуға ғана емес, сонымен қатар қазақстандық жастарды болашақ еңбек нарығына бейімдеуге де жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ХКҚҰ миссиясы басшысының міндетін атқарушы Әлия Белоносова.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа көші-қон саясаты, цифрландыру және «алтын виза» тетігі Қазақстанның өңірлік деңгейде білікті мамандар хабына айналуына мүмкіндік беруі мүмкін.