АМӨЗ-дің экс-басшысы Досмұратовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Кәмшат Тілеухан 11 там. 2025 16:38

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратура барлық айыптаулардан бас тартып, оның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін мойындады, деп хабарлайды Dalanews.kz "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.  

Экс-басшының жұбайы Нұргүл Досмұратованың айтуынша, Атырау облыстық соты оның күйеуін толық ақтап, мемлекет атынан кешірім сұраған. Бұл шешім прокуратура барлық айыптаулардан бас тартып, оның әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін мойындағаннан кейін қабылданған.

Айта кетсек, аталған оқиға 2022 жылдың сәуір айында басталған. Жаңа жабдық сатып алуға (ол осы үшін айыпталған) істен шыққан жылуалмастырғыш құрылғы себеп болды. Өндіруші оны кепілдік бойынша ауыстырудан бас тартып, техникалық құжаттамадағы қате салдарынан дұрыс қолданылмады деп түсіндірді. Сол кезде кәсіпорын басшылығы ҚазМұнайГазға жаңа жабдықты ұлттық компания есебінен сатып алу туралы өтініш білдірді.

 

Досмұратов АМӨЗ-ге құрылғыны сатып алу туралы шешім қабылданғаннан кейін басшылық етті, бірақ оған 2 миллиард теңгедей шығын келтіріп, немқұрайлық танытты деп кінә тағылды. 2024 жылғы қарашада сот оны кінәлі деп таныды, алайда өтеу мерзімі өтіп кеткендіктен жазадан босатып, одан 1,9 миллиард теңге өндіруге қаулы шығарды. Апелляциялық шағым бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Іс бойынша шешуші өзгеріс Бас прокуратураның қарсылық білдіруінен кейін болды. Жоғарғы сот төменгі соттардың шешімдерін жойып, материалдарды қайта қарауға жіберді. Қайта қарау кезінде прокуратура айыптаудан толық бас тартты. Судья Досмұратовтың қызметке кіріспес бұрын қалыптасқан жағдайдың құрбаны екенін мойындап, оны толық ақтады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар