Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев «Ауыл» партиясы төрағасы қызметінен кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партияның кезектен тыс съезінде Серік Егізбаев өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Оның орнына Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ректоры Қайрат Айтуғанов сайланды.
Серік Егізбаев «Ауыл» партиясын 2023 жылдың қазан айынан бері басқарған. Ол партия төрағалығымен қатар Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетін де басқарып келеді.
Қайрат Айтуғанов бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде вице-министр қызметін атқарып, аграрлық саладағы жобалармен айналысқан. Оның партия басшылығына келуі «Ауылдың» ауыл шаруашылығы мен өңірлер мәселесіне басымдық беруді жалғастыратынын көрсетеді.
Соңғы айларда партияда кадрлық өзгерістер жиілеп, мамыр айында экс-президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков те «Ауыл» партиясынан кеткенін жариялаған болатын.