Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатқа ие болғанын атап өтті.
«Сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге өзара мүддеге сай барлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатымен келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісімдер мен меморандумдар серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы қазақ-еуропалық ынтымақтастықтың жаңа парағын ашады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін айтып, көлік-логистика, Транскаспий дәлізі, энергетика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, климат және су қауіпсіздігі салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше тоқталды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта Қазақстанның Орталық Азиядағы көлік байланысын қамтамасыз етудегі рөліне жоғары баға берді.
«Қазақстан көлік байланысын қамтамасыз етудегі негізгі буын болып табылады. Транскаспий халықаралық көлік бағыты осы саладағы табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалы. Қазіргі жаңа жағдайда цифрлық технологиялардың маңызы арта түсті. Сондықтан білімге, ғылыми зерттеулер мен инновацияларға инвестиция салу аса маңызды. Біз Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты жалғастыруға шынайы ниеттіміз», – деді Антониу Кошта.
Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен соңғы он жылда Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда көлемі айтарлықтай өскенін айтып, тараптар арасындағы виза режимін жеңілдету жөніндегі келіссөздердің аяқталуға жақын қалғанын мәлімдеді.
«Бұл өздігінен көп нәрсені аңғартады. Сонымен қатар әртүрлі салада әлеуетімізді одан әрі арттыруға мүмкіндік бар. Біз сауда байланыстарын, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында әртараптандыруға мүдделіміз. Сондай-ақ сауда мен инвестицияға жаңа серпін беру үшін арадағы кедергілерді жою мәселесін талқылауымыз қажет. Тағы бір маңызды жайт – біз виза режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл бағыттағы келіссөздер іс жүзінде аяқталды», – деді Урсула фон дер Ляйен.