Амандық Баталов: "Үзеңгілес досымның қазасы қабырғамды қайыстырды"

Dalanews 17 ақп. 2021 10:49 882

Алматы облысының әкімі 70-ке қараған шағында өмірден озған танымал журналист Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына көңіл айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Бүгін – Қазақ журналистикасы үшін қаралы күн. Кәсіби журналист, халықтың сүйікті перзенті Нұртілеу Иманғалиұлы жайлы қара хабар есту мен үшін өте ауыр болды.

Сенгім келмеді. Жарқын бейнесі көз алдыма келе қалды. Ол мен үшін ең алдымен ғажайып дос еді. Ақтарылып жүретін ақеділ азамат еді. Көңілі көл, пейілі кең ердің ел үшін атқарар еңбегі әлі алда еді. Бергенінен берері көп еді.

Ол жүргізген бағдарламалар халықтың жүрегінен орын алды. Алматы облысы десе, өзінің туған жері десе, үнемі елеңдеп тұратын.

Өңірдегі барлық рухани, мәдени шаралардың басы-қасында жүріп, аталы сөз айтатын. Әлеуметке қарата келелі ой, кестелі сөз арнап, тағылым тиегін ағытатын.


Үзеңгілес досымның қазасы қабырғамды қайыстырды. Бүкіл ел-жұртқа езіліп отырып көңіл айтамын. Бақұл бол, дос, арда азамат, мықты журналист!", – деп жазды Баталов желідегі парақшасында.

Нұртілеу Иманғалиұлы “Құрдастар”, “Жастар дауысы”, “Арай”, “Жадыңда ма, жолдас”, “Айна”, “Жас жігер”, “Бетпе-бет”, “Қолтаңба”, “Діңгек”, “Көршілер”, “Заң сөйлесін”, “Nur-Tiley” авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

Dalanews.kz порталының ұжымы Нұртілеу Иманғалиұлының жақындары мен туған-туыстарына қайығырып көңіл айтады. Бүгін "Қазақстан" Ұлттық арнасының эфирінен естелік хабарлар мен арнайы жобалар беріледі.

Нұртілеу Иманғалиұлы Иманғалиев 1952 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Діңгек ауылында дүниеге келген.

Үйдегі 14 баланың кенжесі. Атасы – Қалиасқар, бес жасында сауатын ашқан. «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кұрметті профессоры, Ақсу ауданының «Құрметті Азаматы».

1977 жылы ҚазМУ-ді бітірген Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі. «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған.

Н.Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Саналы ғұмырының 35 жылын телевизияға арнаған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар