«AMANAT» партиясы Түлкібаста жайылым жер жетіспеушілігі мәселесін шешуге күш салды

Dalanews 25 шіл. 2022 15:24 754

Түркістан облыстық «AMANAT» партия филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы жұмысын Түлкібас ауданында жалғастырды. Машат елді мекенінде өткен ашық алаңдағы жиынға «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов, өңірлік партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, жауапты басқармалар мен салалық бөлім басшылары, фракциядағы мәслихат депутаттары қатысты.

Қабылдауға жалпы 24 тұрғын келіп, елді мекендегі шешімін күткен мәселелерді жеткізді. Солардың бірі зейнеткер С.Сүттімбеков ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтарына жауап алып қайтты.

- Жалпы Машат елді мекенінде әлеуметтік мәселе біршама шешілген. Газбен және ауыз сумен қамту, медициналық көмек көрсету, мектеп салу мәселесі оң жолға қойылған. Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Ауыл халқының күнкөрісі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, жайылым жер жетіспеушілігі туындап отыр. Бүгін «AMANAT» партиясының бастамасымен өтіп жатқан қабылдауда осы мәселені айттым, - дейді машаттық ардагер.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлім басшысының орынбасары У.Ботбаев аталған мәселеге қатысты заң аясында түсіндірме берді.

- Ауыл округте 1500 гектар көлемінде жер бар. Соның 640 гектары тұрақты ортақ  пайдалануға берілген. Ал 470 гектар меморандум арқылы кедергісіз мал жаюға рұқсат берілді. Бірақ қайтарылатын жерлер бар. Мәселен, биыл жылдың аяғына дейін 300 гектар жерді қайтару жоспарда бар. Ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді жауапты бөлім өкілі.

Жалпы халықтың партияға деген сенімі артқан. Оған себеп келіп түскен өтініштердің оң шешілуінде деп түсіндіреді облыстық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары П.Тұрсынбаев. Мәселен, биыл қаңтар-маусым айларында аймақтық және 17 аумақтық партия филиалында 9735 өтініш тіркелген. Оның 5066-сы оңтайлы шешілсе, 4546 шағымға заң аясында кеңестер мен түсіндірмелер берілген. Ал қалған арыздар қаралу үстінде.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар