«AMANAT» партиясы жанынан көпфункционалды баспасөз орталығы ашылды

Dalanews 19 сәу. 2022 11:08 633

«Ашық партия» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында бүгін «AMANAT» Орталық аппаратында көпфункционалды баспасөз орталығы ашылды. Онда тұрақты түрде брифингтер, баспасөз конференциялары және медиа саласының өкілдерімен түрлі форматтағы кездесулер өтеді.

«AMANAT» жанындағы баспасөз орталығы партияның халықпен кері байланысының, партиялықтардың ашықтығы мен жариялылығын арттырып, сондай-ақ БАҚ-пен жұмыс істеуде жаңа тәсілдерді енгізудің тиімді құралдарының бірі болмақ.

– 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезде «AMANAT» Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғырту, оның ішінде сайлаушылармен кері байланысты күшейтуге және партиялықтардың қоғаммен ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты негізгі міндеттерді атап өтті. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, депутаттық фракцияның жұмысы және партиялық жобалардың іске асырылуы туралы жедел ақпарат беру мақсатында бүгін көпфункционалды баспасөз орталығы ашылды. Бұл – партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы қадамдардың бірі, – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Хатшысы Ринат Кертаев.




Сондай-ақ, баспасөз конференциялары партияның әлеуметтік желідегі жеке парақшаларында онлайн режімде көрсетіледі. Баспасөз орталығы журналистер мен спикерлерге ыңғайлы болу үшін қажетті мультимедиа жабдығымен жабдықталған. «AMANAT» партиясы жанындағы баспасөз орталығының жетекшісі болып Қымбат Қали тағайындалды.



– Баспасөз орталығы партияның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ақпаратты талқылау және тарату орнына айналуы тиіс. Дәстүрлі баспасөз конференцияларынан бөлек, іскерлік әрі бейресми жағдайда түрлі кездесулер ұйымдастыру үшін диалог алаңын ұсынамыз, – деді Қымбат Қали.




Баспасөз мәслихатының негізгі тақырыптары «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының заң шығару бастамалары, қоғамдық кеңестер мен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі, партиялық жобаларды іске асыру және сайлауалды бағдарламаны орындау болады деп жоспарланып отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар