Әңгіменің ашығын айтсақ, біздің қандай әліпбиді қолданатынымыз олар үшін бәрі бір. 25 жылда тұрып жатқан елі мен Отанының тілін үйреніп алуға ұмытылмағандардан не күтуге болады?
Олар болса, тіл үйренудің әдістемесі қалыптаспағанын айтып, сыныққа сылтау іздеумен болды.
Бүгінде қажет болғандықтан миллиондаған адам аз ғана уақыттың ішінде ағылшын тілін үйреніп алып жатыр. Өз басым ағылшын тілін үйрететін ғаламат әдістемесі бар деп айта алмаймын. Ең басты қозғаушы күш ағылшын тіліне деген қажеттілік. Ал біздер Тәуелсіздік 25 жыл өтсе де, қазақ тілін үйренуге ықыласы ауған жұртты көре алмай келеміз.
Тіл үйренуге құлықсыз жандар 42 таңбалы кирил әліпбиімен жүре бергенді қалайды.
Олар – Әл-Фараби, Абай, Махамбет, Шәкәрім, Құрманғазы, Әуезовті (қазақтың ғұламалары қандай әліпбиді пайдаланғанын біле ме екен?) дүниеге әкелген халықтың тарихын танып білуге еш уақытта ұмтылған емес.
Олар біздің араб тілінде жазылған көне тарихымызды құрту үшін не істемеді десеңізші?
Олар Бейімбет пен Ілиястың қазақтың мыңжылдық тарихы мен мәдениеті турасында жазған хаттарын еш уақытта оқымады.
Олар тарихын танытуға ұмытылған ұлтжанды азаматтар секілді көне қолжазбаларды ежіктеп оқып, қиналған жоқ. Сондықтан оларды қазақ тілінің тағдыры еш уақытта қызықтырмайды.
Олардың бірі қоғамның өзгеріссіз қалғанын қаласа, енді бірі үйреншікті дүниелер күнделікті өмірімізде өзінің статусын жоғалтпауы үшін жанын салып күреседі.
Олар латыншадағы мәтіндерді компьютерлік бағадарламалардың көмегімен қисық кирилшеге аудара салғанды жөн санайды. Өздері шетелге шығып, электронды адерстер мен домендерді теріп, қымбат Mercedes, Toyota көліктерін сатып алғанда латын әліпбиін еркін қолданып, барыншы қызығын көреді. Сондықтан латын әліпбиіне көшу мәселесі тартысқа түскен сәтте біз де қарап қалмауымыз керек. Латын әліпбиіне көшуіміз Қазақстанның технологиялық бәсекелестікке құлаш ұруы, керек десеңіз ұлтымыздың тағдыры деп қарастырумызға болады.
Әлиxан БӘЙМЕНОВ
Дереккөзі: qazaquni.kz