Алматыдағы киллер мен қастандық: трансұлттық қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Алматыдағы киллер мен қастандық: трансұлттық қылмыстық топ мүшелері ұсталды
polisia.kz

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қазақстан, Грузия және Түркия аумағында әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) қарсы ауқымды арнайы операцияның нәтижесін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, халықаралық әріптестік аясында жүргізілген үйлестірілген іс-шаралар барысында бірнеше ауыр қылмыстың беті ашылып, қылмыстық топтың мүшелері ұсталған.

Алматыдағы қастандық пен Ыстамбұлдағы кісі өлтіру ісі әшкереленді

ІІМ мәліметіне сәйкес, халықаралық ынтымақтастықтың күшеюіне Қазақстан делегацияларының Грузия, Түркия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарлары ықпал еткен. Үш елдің құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы нәтижесінде Ыстанбұлда жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды.

Тергеу барысында Қазақстан азаматы Исмаиловтың Ыстанбұлда тапаншамен атылып өлтірілгені анықталды. Қазақстан, Түркия және Грузия полициясы осы қылмысты орындады деген күдікпен екі адамды ұстады.

Тергеушілер қылмыстың себебін, сондай-ақ оны ұйымдастырушы мен тапсырыс берушіні анықтаған. Олар халықаралық қылмыстық орта өкілдері болып шыққан.

Алматыда киллер ұсталды

Жедел ақпараттарды талдау барысында ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстан аумағында жасалған өзге де қылмыстардың ізін анықтаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ұсталғандар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған. Бұл топты АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша сотталып, қазір түрмеде жазасын өтеп жатқан қылмыстық бедел басқарған.

Алматыда арнайы операция барысында аталған топтың киллері ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2025 жылдың тамыз айында Алматы тұрғынына жасалған қастандық әрекетіне қатысқан. Сонымен қатар арнайы жасақ осы қылмыстық құрылымның өзге мүшелерін де қолға түсірді.

Грузияда да күдіктілер ұсталды

Грузия аумағында да трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы бар және бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген адамдар ұсталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыстық топтың басқа да мүшелерін анықтау және олардың өзге қылмыстарға қатыстылығын тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.